Телефонға үңілген әйел қасында шомылып тұрған қызының тұншыққанын да байқамаған
Әйел бір жасқа толған қызын туған күнінің құрметіне шомылу бассейніне алып барған.
Қытайдың Фучжоу қаласында әйел бір минуттан астам уақыт қасында тұншығып жатқан қызын байқамаған. Анасы телефонда хат жазып отырған кезде қыздың мойнындағы құтқару дөңгелегі кері айналып, бала суға басымен батып тұрып қалған. Хат жазып тұрған әйелге басқа бала келіп ым-ишара білдірген, алайда әйел оған көз қырын да салмаған. Бассейн қызметкері тура сол кезде тысқа шығып кеткен екен. Сондықтан балалар бассейнінің қасында ешқандай да үлкен адам болмапты. Әйел жағдайды түсінгенше бала бір минуттан астам уақыт судың астында басымен тұрып қалған. Ол бірден нәрестені судан шығарып жасанды жолмен тыныс алдырмақшы болады. Оқиға болғанына жиырма минут өткенде әйел қызын ауруханаға жеткізген. Қыз сол бойы тыныс алмаған. Оның жүрегі де тоқтап қалыпты. Дәрігерлер қанша әрекеттенгенімен бала есін жимады.