Белгілі ауыратлет екі жыл күткен жеңісінен кейін жанкүйерлеріне үндеу жолдады
Допинг дауы кезінде өзіне қолдау көрсеткен халқына спортшы алғысын айтты.
Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан өткен Қазақстан чемпионатында Илья Ильин 102 келі салмақ дәрежесіндегілермен бақ сынасып алтын медаль жеңіп алды. Араға бірнеше сағат салып ол қазақстандықтарға Instagram парақшасы арқылы алғыс айтты.
"Бәріңе сәлем! Көптен күткен алтын медалім міне. Үнемі жанымда демеу болып, маған табыс тілейтін жандарға, достарыма, жалпы бәріне алғыс айтқым келеді. Қолдауларыңыз үшін рахмет. Бұл біздің ортақ жеңісіміз. Бұл карьерамның басы болғандықтан, әлі талай жүлделер болады деген ойдамын", — деп Илья медалін көрсетті.
Спортшының айтуынша, ол осымен тоқтап қалмақ емес. Алдына қойған мақсаттары көп.
"Бүгін мен қайта оралдым. Енді әрі қарай да жұмысқа білек сыбана кірісетін боламын. Алда әлем чемпионаты күтіп тұр. Басты мақсат Олимпиада ойындары екені сөзсіз. Менің достарым, барлықтарыңызға рахмет! Мен сіздерді ерекше жақсы көремін! Бұл біздің ортақ жеңісіміз!" — деді Илья Ильин.
Келесі мақала