Автобуста жанған 52 өзбекстандықтың туыстары кейбірінің телефоны әлі істеп тұрғанын айтты
Жақындарының өлгеніне күмән келтірген азаматтар сотта қазақша түсінбей әбден қиналған
Алғашқы отырысқа қатысуға көрші елден марқұмдардың туыстары да келді. Олар процесс басталмай жатып-ақ жақындарының тірідей жанып кеткеніне сенбейтінін мәлімдеді. Ал айыпталушы деп танылған автобустың үш жүргізушісінің қорғаушылары оларды ақтап шығуды талап етті,- деп жазды KTK арнасы. Осыдан сегіз ай бұрын Ақтөбе облысында автобуста тірідей жанып кеткен Өзбекстанның 52 азаматының барлық жақындарына жәбірленуші ретінде соттан шақырту жіберіліпті. Бірақ жердің шалғайлығына байланысты басында жолға Ферғанадан шыққан 25 адамның Ақтөбеге 11-і ғана билет тауып жеткен. Енді соттың ақырына дейін осында боламыз деп отыр. "11 адам болып қазір пәтер жалдап жатырмыз. Сегіз айдан бері тергеудің қалай жүргенінен, кімді айыптап жатқанынан бейхабармыз. Оқиғаның қалай болғанын білгіміз келеді. 19 жастағы ұлым қыршын кетті."- дейді Өзбекстан азаматы Бахтияр Ғарипов. Процесс басталмай жатып, судья қайта-қайта үзіліс жариялаумен болды. Өйткені жәбірленушінің бірде-бірі қазақша түсінбейді екен. Ал өзбекшеге аударатын тәржімашы Ақтөбеде атымен жоқ. Сондықтан орыс тіліне аударып беретін болып келісті. Көрші елден келгендердің барлығы дерлік жақындарының автобуста тірідей жанып кеткеніне сенбейді. "Бұл бір болып жатқан қойылым сияқты. Ұлдарымыздың табытын әкелген кезде бізге аштырмады. ДНК сараптамасының нәтижесін көрсетпеді. Жақындарымыздың автобуста жанып кеткені рас болса, неге тергеу кезінде дәлел келтірмеді?",-дейді Өзбекстан азаматы Оборжон Хакимов. Жәбірленушілердің күдіктен күйінетіндей жағдайлары бар. Өйткені, марқұмдардың кейбірінің ұялы телефондары осы күнге дейін қосулы тұр екен. "Осында қиналып әрең жеттім. Ұлым мен немеремді іздеп келдім. Олардың өлгеніне сенбеймін. Өйткені ұялы телефондары әлі күнге дейін істеп тұр. Қоңырау соқсаң ешкім көтермейді. Бұл жағдайды қалай түсінеміз? Адам өртенгенде, ұялы телефондары да жанып кетуі керек қой.",-дейді Өзбекстан азаматы Юлдузхон Ғаниева. Енді оқиғаның қалай болғанын автобус өртенгенде тірі қалған үш жүргізуші айтып беруі керек. Қазір олар айыпталушы ретінде қамауда отыр. Олардан бөлек сотқа Шымкенттегі автопарк басшысы мен механигі жауап беруге қолхатпен қатынап жүр. Тек өртенген автобустың қожайыны жоқ. Оған халықаралық іздеу жарияланған. Қорғаушылар оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін ең алдымен автобуста тірі қалған өзбекстандық екі жолаушыны тыңдау керек деп отыр. "Оңай емес туыстан айырылған. Бірақ үш жүргізушіні кіләлай беруге де болмайды. Бұл жерде екі куәгер бар ғой. Өзбекстан азаматы. Дұрыс па? Сол адамдар шақыртылуы керек еді." -дейді айыпталушының адвокаты Нұршат Пернебекова Сегіз ай бұрын автобуста аман қалған екі Өзбекстан азаматы сот отырысын өздерін қатыстырмай жүргізуге арыз берген. Бірақ олардың куәлік етуін қос тарап та талап етіп отыр. Енді олардың процесске қатысу, қатыспауын сот шешеді.