Қазақстанда алғаш рет педофилге химиялық кастрация жасалды
Министрлік енді қарапайым балабақшаға тәрбиеші алудың өзіне арнайы заңды талаптар қоюды жоспарлап отыр.
Кішкентай ұл-қыздарды зорлаған азғындардың біріне сот осындай үкім кескен. "Педофилген химиялық кастрация жасау туралы заңның биыл күшіне енгені белгілі. Ол үшін бюджеттен 9 миллион теңге бөлінген. Әзірге бұл қылмыскерді ұрықсыздандыру туралы соттың алғашқы үкімі." - деді ҚР Денсаулық сақтау вице -министрі Ләззат Ақтаева. Бірақ, вице-министр мұндай қатал үкімнің қайда және қашан шығарылғанын ашып айтпады. Белгілісі, екпеден кейін қылмыскер еркектік қуатынан айырылады. Жазаның бұлайша қатаюы бекер емес. Педофилдер 20 жылға дейін абақтыға жабылғанымен, азаймай тұр. Олар биылдың өзінде 80-ге жуық бүлдіршіннің өмірін бүлдірген. Сондай-ақ, омбудсмен Түркістан облысы Абай ауылында өзінен жасы үлкен оқушылардан жәбір көрген 7 жастағы жеткіншектің қазіргі жағдайы туралы айтып берді. Оның айтуынша, бала екінші сыныпқа көшкен. Денсаулығы жақсы. Ал оны зорлады делінген бір оқушы жазаға тартылмақ. Бұдан бөлек, омбудсмен балабақшада бүлдіршіндерді сабайтын тәрбиешілердің жайын да сөз қылды. "Маған 2 айдың ішінде 80-нен астам шағым түсті. Ата-аналардың, әсіресе, тәрбиешілерге көңілі толмайды. Негізі осы тәрбиешілерді жұмысқа аларда қатаң іріктеп алуымыз керек. Қазір осы мақсатта жұмыс жүріп жатыр. Тиісті құжатты Білім және ғылым министрлігі әзірлеуде."- деді ҚР Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Сәуле Айтбаева.