Астанада босануға барған тағы бір ана қайтыс болды
Дәл сол перзентханада осымен төртінші ана өмірімен қош айтысып отыр
Астанада тағы да жас ана өлімі. Тағы да №1 қалалық перинаталдық орталықта. Мұнда 35 жастағы келіншек босанып жатқан кезінде көз жұмды деп жазды 31 арна. Ал, нәресте аман. Айта кетерлігі, бұл - жыл басынан бергі осы перзентханадағы бізге белгілі 5-ші ана өлімі. Осындай жаға ұстарлық жағдайдайдан кейін де дәрігерлер мен шенеуніктер еш ақпарат бергісі келмей отыр. Бүгін-ертең шілдехана жасаймыз деп дайындалып отырған отбасы қазір қайғыдан қан жұтып отыр. Туыстарының айтуынша, бұған дейін 2 баласын еш қиындықсыз босанған Әлфияның бұл жолғы жүктілігі де ауру-сырқаусыз өтіпті. Алайда, бәрі перзентханаға жатқанда басталған. "Ауруханаға барды, 4 күн жатты. 1-ші күні укол салады, 2-ші күні әні босанады, міне босанады деп. Тура 1 қыркүйекте қайтыс болды. Балам 1-ші сыныпқа барған кезде.",- дейді марқұм Ә.Спабекованың жұбайы Талғат Жолымбеков. Мынау - марқұмның аяғы ауыр кездегі және босандыруға әкетер кездегі жіберген соңғы суреті. Жұбайына осы фотоны жіберіп, «концерт басталды» деп жазып жіберген. Толғақ басталды дегені болар. Перзентхананың астында күткен абысыны келінінің хәлі нашар екенін ешкім айтпады деп зар еңіреп отыр. "Сағат 7-ден кейін не болғанын біз білмейміз. Сағат 9-да қайтыс болған. 2 сағаттың ішінде не істеді оған? Қиналып бара жатса кесіп алмайды ма баланы? Болмаса өзінің жанын алып қалмай ма?!",- дейді марқұм Ә.Спабекованың жеңгесі Нәзира Жолымбекова. Бұл сұрақтарға жауап береді деген 1-ші перинаталдық орталықтың өкілдері де, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылары да тіс жармады. Бір ғана медициналық ұйымда айналасы 4 айдың ішінде 4 ана босанып жатып қайтыс болып жатса да бейқам. "Мынау шырылдаған 2 бала кімге қалды? Кімге тастап кетті оны? Кім оның кінәсін көтереді? Дәрігерлер көтере аласыздар ма сол кінәсін? Қанша адамның жылағанын сіздер көтере аласыздар ма? Мынау не сұмдық?! Аяғымен барған әйелдің өлігін қайтарды. Әне, өлігі жатыр.",- дейді марқұм Ә.Спабекованың жеңгесі Нәзира Жолымбекова. Мәйітхана берген анықтамада өлімнің себебі «Шарананың айналасындағы сұйықтық эмболиясы» деп жазылған. Бұл алдын ала болжам ғана. Зертханалық сараптамалар нәтижесінде нақтысы белгілі болмақ. Жаздағы 3 ана өлімі кезінде Израильден мамандар шақырып өздерін ақтағандай болған дәрігерлер мен шенеуніктер осы жолы не айтар екен?