СҚО-да 51 жастағы әйел орынсыз қалжыңы үшін бір жарым жылын түрмеде өткізетін болды
Ол қаладағы халық көп болатын сауда орнында бомба бар деп қалалық полицияны аяғынан тік тұрғызған
Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде бомба қойылғанын айтып, ішкі істер органдарына жалған ақпарат берген 51 жастағы әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі. Айта кетсек, осы жылдың сәуір айында сотталушы әйел «Сокол» сауда үйіне жарылғыш қойылды» деп хабарлап жұртты дүрліктерген болатын. Жалған хабарламаның кеселінен қаладағы барлық күш құрылымдары жұмылып, халықты қауіпсіз жерге көшіріп әуреге түскен болатын. Ақыры аталмыш сауда үйінен бомба табылмады. Көп өтпей жалған хабар беріп қоңырау шалған адам ұсталды. «Сот үкімімен 51 жастағы сотталушы бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.