Нығматулин Абаевтың орынбасарынан толық жауап ала алмай, әбден "қинады"
Вице-министр халық санағына 100 пайыз дайын емес екенінін бірден мойындады
Дарын Тұяқов елді мекендерді телефон байланысымен қамтамасыз етуге қатысты сауалға нақты жауап беруден қашқақтай берді. ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқовтан нақты сұраққа нақты жауап беруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мұрат Теміржанов ақпарат және коммуникациялар вице-министрінен "Ұлттық халық санағына дейін, яғни 2019 жылдың қыркүйегіне қарай шалғай елді мекендер телефон байланысымен 100 процент қамтамасыз етіле ме? деген сауал жолдады. "Үш жыл ішінде барлық елді мекен "Қазақтелеком" тарапынан байланыспен қамтамасыз етіледі. Сәуір айында ведомствоаралық комиссия өтіп, Қазақтелеком компаниясына тиісті жиіліктер бөлінді. Тұрғын саны 50 адамнан асатын барлық елді мекен телефон байланысымен қамтамасыз етіледі. Бұл жұмыс үш жыл ішінде жүргізіледі. Қазіргі таңда кесте жоспары әзірленді. Шалғай ауылдарда тиісті ақпарат планшетке енгізіліп, сол арқылы кезең-кезеңмен деректер базасына енгізіледі", — деді вице-министр Дарын Тұяқов. Алайда мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин ақпарат және коммуникациялар министрі орынбасарының жауабына қанағаттанбады. "Дарын Шылбыұлы, презентация кезінде бәрін керемет етіп көрсетесіздер. Ал нақты бір нәтижеге келгенде, барлығы болашаққа ысырылады. Халық санағы жақындап қалды. Ұлттық санаққа дейін елді мекендер ұялы немесе телефон байланысымен 100 процент қамтамасыз етіле ме? Вице-министр Тұяқов жауап беріңіз?", — деп қайталап сұрады Нығматулин. Вице-министр ведомство әзірлеген кестеге енген елді мекендер үш жыл ішінде телефон байланысына қосылатынын тағы бір мәрте атап өтті. "Мұқият болыңыз, сізге нақты сұрақ қойылып отыр ғой. Депутаттың сұрағын қайталаймын: елді мекендер ұлттық халық санағына дейін телефон байланысымен қамтамасыз етіле ме?", — деді мәжіліс спикері. "Санақ жүргізу уақытына дейін барлық елді мекенді жүз пайыз қамтамасыз етіп үлгермейтін шығармыз. Бірақ басым бөлігі қосылады", — деді әбден "қиналған" Тұяқов. "Міне, алғаш рет батыл жауап. Сонда қамтамасыз ете алмайсыздар? Тағы бәрін планшетке ауыстырамыз. Әкімдер қызметкерлерін ертіп, үй-үйді аралауына тура келеді. Тағы соған келдік. Дарын Шылбыұлы, айтарыңыз бар ма тағы?", — деп сұрады мәжіліс төрағасы.
Read more: https://sputniknews.kz/society/20180905/7100279/parlament-nigmatulin-bailanys.html