Алматыда полицей қызметкерлері бөлімшеде босана жаздаған жүкті әйелге көмек көрсетті
Алматылық жол потрульді полициясының қызметкерлері постта босанып қалған әйелге көмек көрсетті
Оқиға 8 қыркүйек күні Первомайский көшесіндегі стационарлық постта орын алды. Полиция инспекторы Айдын Майлыхановтың сөзіне сенсек, постқа Nissan Almera автокөлігі келген. Автокөлік салонынан абыржыған ер азамат жүгіріп шығып, салонда әйелінің босанайын деп жатқанын хабарлаған. Кейінен ерлі зайыптылардың Алматы облысынан қалаға қарай бет алғаны анықталды. Жолда екіқабат әйелдің суы кетіп, толғағы басталған екен. “Әріптесім, аға сержант Бақытжан Мырзатаев “жедел жәрдемге” қоңырау шалып жатқан кезде, мен баланың келіп қалғанын, оны қабылдауға дайын болу керектігімізді түсіндім. Әйелдің күйеуін жақын жердегі АЗС-ке жіберіп, 5 литрлік су әкелуін өтіндім. Абырой болғанда, біздің дәріханамызда қажетті медициналық құрал-саймандар табылды. Тек таза стерильді орамал болмай қалды. Серіктесім Мырзатаев баланы орау үшін өзінің жейдесін дайындап қойды. Сондай-ақ, полиция капитаны Мерей Атымтаев та көмекке дайын тұрды”, – дейді полицей. Бұл аралықта оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келіп жеткен. Медицина қызметкерлері әйелді жақын маңдағы №4 перзентханаға жеткізбекші болады. Полицейлер жедел жәрдем көлігін емханаға дейін шығарып салады. Бірнеше күннен кейін 26 жастағы келіншектің ұл бала босанғаны белгілі болды. Айта кетейік, дүниеге жаңа келген сәби – отбасындағы екінші бала екен.