Басты жаңалықтар

Қылмысымды мойындаймын: "Алтын белгі" иегері оқушыны қалай өлтіргенін айтты

Ақтөбеде адам өлтірді деген күдікпен қамауға алынған  “Алтын белгі” медалінің иегері Бекназға қатысты сот ісі  басталды

Сот отырысында "Алтын белгі" иегері  Бекназ орын алған оқиғаны өз нұсқасымен айтып берді. “Мен Азатты өлтірмек түгілі, оның денесін зақымдағым да келмеді. Өз қылмысымды мойындаймын, бірақ мен адамды қасақана өлтіруге ниеттенетін азамат емеспін”, — деді ол. Бекназдың  сөзінше, 25 мамыр күні олар сыныптастары және ата-аналарымен бірге арнайы демалыс орнына барып, сол жерде мектеппен қоштасу кешін тойлаған. Демалыс орнында қаладағы басқа да мектептердің түлектері  болған. Екі күннен кейін Бекназға  әлеуметтік желі арқылы Азаттан хабарлама келеді. Бекназ демалыс орнында Азаттың аяғын басып кеткен екен.  Алайда күдікті  одан кешірім сұрағанымен, марқұм  оған боқауыз сөздермен жауап қайтарады. 15 шілде күні Азат пен Бекназ “Алтын белгіні” иеленген түлектерді мараппаттау кешінде кездеседі. Ұлдар арадағы мәселені оңашада шешкенді жөн көреді. 17 шілде күні Бекназдың ата-анасы Мұғалжар ауданына, тойға кетіп қалады. Кешкісін ол қыздармен және досымен қалада қыдырып жүрген. Олар Түргенев көшесінен өтіп бара жатқанда, бір топ балаларды көреді. Олардың арасында Азат та болған. Ол Бекназды оңашада сөйлесуге шақырған. Екеуі жатақхананың артына қарай барған. Төбелес кезінде Азат Бекназдың анасы жайлы боқауыз сөз айтқан көрінеді. Сол сәтте күдікті соққыдан екі бүктеліп қалған. Қалтасынан пышақ  түсіп қалған. Эмоцияға берілген Бекназ пышақты қолына алады, бірақ ары қарай не болғанын білмейді. Бекназ  досымен бірге такси ұстап, оқиға орнынан кетіп қалған. Келесі күні ол Азаттың ауруханада көз жұмғанын естіген. Сотта марқұмның әкесі Азаттың апа, атасының қолында тәрбиеленгенін айтты. Ол — төрт баланың үлкені. “Азат өте жақсы тәрбиеленген. Ашық мінезді еді. Өлгеннен кейін кез келген адам жайлы түрлі нәрсені айтуға болады. Менің ұлым боқауыз сөз айтқан жоқ және дауды бастаған жоқ. Азат көшеге сирек шығатын. Футболға қызығатын. Сол күні ол достарымен бірге футбол көруге кеткен. Матчтан соң ұлыма қоңырау шалдым. Тұтқаны басқа бала көтеріп, Азатты біреу пышақтап кеткенін айтты”, — дейді Азаттың әкесі. Естеріңізге сала кетейік, 19 мектептің түлегі Азат Дүсүпов 17 шілде күні “Ақтөбе”- “Ордабасы” командаларының кездесулерінен кейін қайтыс болды. Оны өлтірді деп айыпталатын Бекназдың жасы 17-де еді. Бірақ  ол 18 жасқа толған күні кісі өліміне қатысты айыпталды. Бекназды жасқа жеңілдік жасамайтын арнайы сотта соттап жатыр.