Басты жаңалықтар

Елордалық жігіттер өзінен бірнеше жас үлкен бойжеткендерге үйленуге ынтық

АХАТ қызметкері: Ер азаматтар өзінен бір-екі жасқа ғана емес, 5-10 жасқа үлкен бойжеткендерге үйленеді

2018 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындыларына сәйкес, Астанада 5454 неке тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде тіркелген неке саны 4960-ты құрады. Осылайша, Астанадағы жас отбасылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқанын байқауға болады.

"Қазіргі таңда жастар бұл мәселені барынша таразылап, отбасы құрады. Бойжеткендер мен ер азаматтар есейген сайын балаларына, жанұясына көп көңіл бөлуге тырысады. Бұдан 10-20 жыл бұрын ата-аналар балаларымен өсетін. Егер 2000 жылдардың басында неке тұру жасы 20-21 жас болса, бүгін бұл көрсеткіш шамамен 7-10 жылға ұлғайып отыр. Қазіргі таңда бұл тұрғыда 25+ жасы кең таралған. Жастар көбіне 28-30 жасында некеге тұрады. Кейбірі тіпті 33 жасында үйленеді", — дейді Сарыарқа ауданы әкімдігінің АХАТ бөлімі жетекшісі Бахытгүл Шайкенова. Сондай-ақ, АХАТ бөлімінің қызметкері қазіргі кезде ер азаматтардың өзінен бірнеше жасқа үлкен бойжеткендерді жұбайы етіп таңдайтынын айтады. "Бұрын қалыңдықтың жасы кішірек болса, қазір көбіне күйеу жігіт жасырақ. Ер азаматтар өзінен бір-екі жасқа ғана емес, 5-10 жасқа үлкен бойжеткендерге үйленеді", — деп атап өтті Шайкенова. Сонымен қатар Астананың жас тұрғындарының шетелдік азаматтармен отбасы құратын жағдайлары жиіледі. "Көбіне бойжеткендер шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығады. Біздің қыздар Африка елдерінің азаматтарын жар етіп таңдайтын жағдайлар аз емес. Таң қалатыны жоқ. Қазіргі кезде шекара ашық емес пе?! Біздің елдің азаматтары шетелге жиі шығып, жиі саяхаттайтын болды. Әлемнің түкпір-түкпірінде Қазақстан жайлы жақсы білетін болды", — деді ол. "Неке және отбасы" туралы ҚР заңына сәйкес, ер және әйел адамдар 18 жастан бастап некеге тұра алады. Белгілі себептерге байланысты жергілікті АХАТ органдары неке жасын 2 жасқа ғана азайтады.