Басты жаңалықтар

Халал аяқ-киім: Елімізде “халал” белгісі бар қызметтердің артықшылығы неде?

Бұрын бұл сөз – шұжықтың сыртына, ет өнімдерінің тысына ғана шапталушы еді. Қазір, шұжықты қойшы, халал су, халал фитнесс, халал сауна дегендер қаптап алды. Бұның басты себебі не?

Қазір кімнен сұрама, халал жайлы саған молдадан артық түсіндіріп бере алады. Жаппай халал-танушы болып кеткеніміздің бір пайдалы да тұсы бар екен. Бұл туралы Евразия бірінші арнасы жазды. Мысалға, моңғолдар мыңғырған малын араб, иран жұртына сату үшін, қазақтан қасапшыларды сайлап жатыр. Ол, ол ма?! Тауықты қуырып беретін әлгі, әйгілі фаст-фуд бар емес пе?! Олар, Шымкенттің 30 жігітін арнайы алдыртыпты. Конвейрден келіп жатқан тауықтарды бісміллә деп сойып отырады. Соның еттері Қазақстанға келеді екен. Осылайша,  «халал» сөзі қазір  шариғат шартынан бұрын, брендке айналып барады. Дәлел?! Көп кәсіпкер, жейтінге де, жемейтінге де әлгі жазуды шаптап жатыр, қаптап жатыр. Жемейтін дегенде былай ғой: Халал сауна, Халал шаштараз, халал аяқ-киім дегендер шығып кетті. «Халал тамақ дегенді түсінемін, ал енді халал қызмет, халал стамотология дегенде, басқа стамотолигия харам ба?» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан. Адалынан сөйлейтін, халалынан ғана ас-су ішетін депутаттың өзі түсінбей дал. Жарайды, тіске салар дәрілері табиғи шөптен жасалған шығар? Содан халал стамотология атанған болар?! Моншасы мұсылмандық әдепте шығар. Оны да түсіндік. Ал енді, халал аяқ киім деген не?! «Халал сөзін қолдануымыздың 3 концепциясы бар. ол адал баға, адал сапа және таза былғары. Қазіргі жастардың аяғынан жағымсыз иіс шығады. Түрлі грибоктар көбейіп кетті. Соның бәрі осы шошқа, жылан терісін қолданғаннан болады. Ол терілер аяқпен тікелей контактқа түседі. Содан, ол терілерден адамның терісіне әсер етеді» –  дейді сатушы Бақтан Бағдадұлы. Халал сөзін бей-берекет әр жерге тықпаштау енді тиылатын шығар? Себебі, адал индустрияны мүфтият өз қолына алып жатыр, минитрлікте соған бар жағдайды жасауда. Енді, ешбір балабақша, қонақ үй, мектеп немесе колледж, такси қызметіне және тағы басқаларына халал, харам үкімі үлбіреп тұрмайды. Халал енді  тек тамақ өнімдеріне ғана беріледі. Ал қызметті адал еткіңіз келсе, сол имам-молдалар шарт-талабын айтып, көмек бере алады.