Қорғай алмаса, қолымызға қару берсін: Денис Тенннің өлімінен соң қоғам белсенділері осындай бастама көтерді
Қоғам белсенділерінің сөзінше, заматтарымыздың қолына тапанша берсек, көшедегі оқыс шабуылдар мен қылмыс азаяды. Ал ішкі істер министрлігі болса, тұрғындарды қорғауға қауқары жетпейді
Азаматтардың жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қару ұстау мәселесі соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Денис Тенннің қапыдағы қазасынан соң, алматылық қоғам белсенділері тұрғындарға қорғаныс құралы ретінде травматикалық қаруға рұқсат етілсін деген бастама көтерді. "Ішкі істер министрлігінің халықты қорғау үшін жасап жатқан амалдарының пайдасы аз екенін көріп отырмыз. Денис Теннің қазасы соның бір ғана айғағы. Көшедегі қарақшылық, тонау, ұрлық тыйылмай тұр. Үйде де, түзде де өзімізді қауіпсіз сезіне алмаймыз. Полиция бізге 100 пайыз қорған бола алмай тұр. Сондықтан, заңға бағынышты азаматтарға бұрынғыдай травматикалық қару ұстауға рұқсат берілсе екен дейміз",- дейді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Ерлан Смайлов. Әлбетте, бұл қаруды кім көрінгеннің қолына бере салу деген сөз емес. Тапаншаны алудың ережесі заңмен бекітіліп, Ішкі істер министрлігі лицензия беру жағын жіті қадағалауы керек, дейді қоғам белсендісі. Ал, заңгерлер болса, халықтың қолына емін-еркін қару беру идеясын мүлдем қолдамайды. Қару ұстау керісінше, үлкен қауіптің көзіне алып келеді,- дейді. Халық арасында жүргізген сауалнама да біздің қоғамның қару ұстауға дайын еместігін аңғартты. Тұрғындар бір ауыздан қалтаға тапанша салып жүрудің қажеті жоқ деген пікір білдірді. Дегенмен алматылық қоғам белсенділерінің ұсынысы қабылдануы мүмкін. Бұл мәселе қазір Ішкі істер министрлігінде қаралып жатыр екен. Нақты шешім жақын арада жария етіледі.