Басты жаңалықтар

Павлодарда қабірінен жартылай шығып жатқан мәйіт тұрғындарды шошытты(фото)

Туысының басына барған павлодарлық зираттағы жағдайды видеоға түсіріп, желідегілердің де зәресін ұшырған

Павлодарда тұрғындардың бірі марқұмның дұрыс жерленбегенін байқап қалып, ұялы телефонына түсіріп, желіге жүктеп жіберген деп жазды КТК арнасы. Туысының басына барған әйел жартылай көмілген қабірден ақ матаның шығып тұрғанын көріп шошып қалыпты. Кейін ғаламторға жүктелген бейне жұрттың жағасын ұстатты. Жақындары жоқ ер адамды көмуге кіріскен зират қызметкерлеріне сол жерде пайда болған аралар шабуыл жасайды. Араға әбден таланған жұмысшылар мәйітті жартылай ғана көміп, қашып құтылған. Бұл оқиғаны растаған зират басшылары жәндіктер сабасына түсісімен мәйітті қайта көмуге кірістік деп отыр. "Осы салада 33 жылдық тәжірибемде осындай оқиғаға бірінші рет кезігіп отырмын. Мәйітті көмген жер астында ара ұясы болған сияқты. Үріккен жәндіктер жұмысшыларға шабуыл жасаған. Қайта олар қатты зардап шекпеген",- дейді ЖШС басшысы Анатолий Конвишер.