Салт-дәстүрдің бәрін “шымкентше” жасаймын: Отандық әнші болашақ келініне қоятын талаптары туралы жайып салды
Айгүл Иманбаева 20 жасқа келген ұлына қандай жар таңдау керектігін қазірден бастап айтып жүр
“Жарды адалынан берсе екен деймін. Мен міндетті түрде ұлымның жар таңдауына араласамын, ылғи да өзінің құлағына құйып отырамын. Қыздың шыққан тегі, әсіресе анасына қарап қызын алу керек. Мен оны келіндерімнен жақсы білемін. Араласқанда, түбегейлі білек-сыбанып кірісіп кетпейсің ғой, міндетті түрде өз ақылымды қосамын. Жүрекке қарсы келмейсің, бірақ бағыттап, бағдарлап деген сияқты”, – дейді Иманбаева. Қызығы сол, Айгүл болашақта ұлына бөлек үй алып берсе де. онымен бірге тұруды жоспарлап отыр. Себебі: “Шаңырағы бөлек, бірақ бір аулада тұрамыз. Келінге қатысты салт-дәстүрдің бәрін “шымкентше” жасаймын. Өйткені анау дейміз, мынау дейміз, бәрібір Шымкенттің заңы өте дұрыс. Ененің тәрбиесін көру, үлкеннің сәлемін салу, орамал салу, таңертең тұрып енеге шай құю – өте дұрыс деп ойлаймын. Соның бәрін сіңіріп өскен келін ертең сол үйдің иесі, киесі болып қалатыны анық. Басқа жерден шықты ғой, өзіңнің үйіңе қарай тәрбиелеу керек”, – деп ағынан жарылды Иманбаева. Ал бүгінде режиссер мамандығы бойынша білім алып жатқан Асылжан анасының дегеніне қарсы келмейді. Өйткені: “Ана ғой. Әке мен шешені таңдауға болмайды. Сондықтан олардың қалауына қарсы шығуға болмайды деп ойлаймын. Бұл кісінің бәйгесі, үміті бәрі менде болғандықтан, барынша көңілінен шығуға тырысамын”, – дейді ол. Мұны естіп, жүрегі елжіреп кеткен Айгүл ұлының жүрек қалауына да қарайтынын айтты. “Бірақ жүрегіңе қазірден айтып қойшы, “нормальный” қыз таңдасын”, – деп күлді ол.