Алғашқы болып сөз алған GGG алдағы жарыстың бокс әлемі үшін өте маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Мен осы жерде тұрғаным үшін бақыттымын, әрі өзімді өте тамаша сезінемін», — деді қазақстандық спортшы.
Сондай-ақ Головкин өзіне қолдау білдіріп жүрген жанкүйерлері мен жекпе-жек ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді.
Ал «Канело» екінші жекпе-жекке дайындығы туралы айтып, отбасы мен қолдаушы командасына ризашылығын білдірді.
«Көп сөйлегім келмейді, барлығын шаршы алаңда айтамын. Мен тек жеңіске жетуді қалаймын — бұл менің жұмысым. Жанкүйерлерімнің көңілі толатындай ойын көрсетіп, жеңісіммен бар Мексиканы қуантамын деген сенімдемін», — деді Альварес.
Жиын соңында қарсылас спортшылар журналистердің қойған сұрағына жауап берді. Головкин Альваресті «жақсы боксшы» деп атаса, «Канело» оны нокаутқа құлату үшін көп дайындалғанын жасырмай айтты.