Сирияға кетіп еліне орала алмай жатқан қазақстандықтар биліктен көмек сұрап отыр
Сириядағы отандастарымыздың жағдайы туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді айтып берді
Бүгінде Сирияда 7 қазақстандық азамат пен 16 кәмілет жасқа толмаған бала елге қайта алмай отыр. Бұл туралы Сириядан байланысқа шыға алған отандасымыз хабарлады. Оның айтуынша, Орал, Ақтөбе, Алматы және Жезқазған қалаларынан барған қазақстандықтардың жағдайы нашар. Балалары түрлі дертке шалдыққан. Ал осы жағдайға байланысты Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді болса, Сирия мен Ирак елінде жүрген азаматтар олардың тікелей бақылауында екенін айтты. “Оларды елге қайтару бойынша да мәселе қаралып жатыр. Біздің Иорданиядағы елшілігіміз бен Ливандағы бас консулдық азаматтарды іздеумен айналысуда. Бұдан бөлек біз сонда жүрген азаматтардың ата-аналарымен де байланыстамыз”, — деді ол. Бұл іске СІМ, арнайы қызмет, Қорғаныс, ішкі істер министрліктері мен төтенше жағдай комитеті атсалысып жатыр. Азаматтар елге қайтарылатын болса, арнайы ұшақпен жеткізіледі. “Қазір Сирия мен Иракта азаматтарымыздың террористік қызметке қатыстылығы тексерілуде. Олардың кінәсіз екендігі анықталғаннан кейін, Қазақстан тарапына беріледі. Кейбір әйелдердің қасында балалары бар. Оларды отанға қайтару үшін ата-анасының баланы алып кетуге рұқсаты керек. Ал анасы немесе әкесі арнайы тексеріс аяқталғанға дейін сол жақта қала тұрады”, —деді Тілеуберді.