Әуелбекова күйеуімен не себепті ажырасқанын айтты
Әнші тұрмысқа шығысымен оның музыкалық продюсері Бағымның отбасын шайқалтпақшы болды деген ақпарат тараған еді.
Эстрада жұлдызы жанұялы болу мен отбасы сақтап тұрудың қиын екенін айтып, осыған дейін жеке өміріне қатысты ақпаратты жария ете бермейтін Мөлдір Әуелбекова күйеуімен ажырасқанын айтты Өкінішке орай, 2015 жылы отау құрған жарасымды жұптың 1,5 жылдан кейін шаңырағы шайқалды. “Қазіргі таңда маған ең көп қойылатын сұрақ, жеке өмірге байланысты. Сіздер ажырастыңыз ба? Ажырасқаныңыз рас па? Бала қайда?” – дейді әнші. Иә, Әуелбекова жұбайы Арыстанмен ажырасыпты. Баласы бес айға толған шақта отағасы отбасын тастап кеткен көрінеді. Сол уақыттан бері ұлы Салтайды әкесі де, әжесі де іздеп келмеген. “Ешкіммен кездеспейді. Ешкім де баланы іздемейді. Солай енді басымыздан өтіп жатыр. Енді мен оны не істеймін? Тағдыр болғаннан кейін көнемін. Балам үшін әрі қарай өмір сүремін”, – дейді Әуелбекова. Бір жарым жыл бойы бұл жаңалықты жария қылмауының себебі де сол. Баласының болашағына алаңдаған ана, жанұясындағы жағдайды жұрттан жасырын ұстап келгенін жасырмады. “Бәрібір балаға кесірі тимесе екен деп көбінесе ұлымды уайымдаймын. Оны айтқаннан кейін ғаламтор бар ғой қазір. Ертең бала өскеннен кейін, оны көреді. Неге олай болды деп көңіліне кірбің түседі. Мен қазір отырып алып, ол бүйтті-сүйтті, ол тастап кетті, ол былай болды деп айтып отырғаннан, ешкімнің ештеңесі кетпейді. Ертең тоқ етерінде балам қиналады”, – дейді Мөлдір. Мөлдір жеке өміріндегі келеңсіздіктен кейін, күйзелісті де бастан кешкен. Бірақ тыңдарманның қолдауы мен өнерге деген құштарлық жас келіншектің жігерін жанши алмапты. “Көрерменіме айтарым уайымдамаңыздар. Қандай жағдай болмасын мен бақыттымын. Менің ұлым бар, ата-анам қасымда, бауырларым бар”, – дейді Әуелбекова.