Көлік ұрысын тұтқындамақ болған астаналық полицей пышақталды
15 қыркүйек күні түнгі сағат 01:00 шамасында Сарыарқа ауданына қарасты қылмыстық полиция басқармасының тәртіп сақшысына шабуыл жасалды
Құзырлы орган қызметкері Астанадағы Күмісбекова көшесінде орналасқан үйдің ауласында тұрған көліктің маңында екі күдікті адамды байқап , оларға қарай бағыт алған. Сол уақытта тәртіп сақшысын көрген ер адамдар бірден қаша жөнелді.
Алайда, полицей оларды қуып, тұтқындамақ болған кезде, ұрылардың бірі қалтасынан пышақты суырып алып, тәртіп сақшысына шабуылдады.
Ұрылардың бірі полицейдің иығына пышақ сұғып алған. Өзінің аса ауыр жарақатына қарамастан Нұрлан Тлеухан көлік ұрысына кісен тағып үлгерді.
Оқиға орнынан қашып үлгерген екінші күдіктіні көмекке келген басқа полицейлер тұтқындаған. Ол кәмелетке толмаған 17 жасар жігіт болып шықты.
Анықталғандай, азаматтар көлік құлпын бұзу арқылы жүргізушілердің жеке заттарын иемденіп алмақ болған. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кетті.
Оған қоса, полицейге қол көтерген 18 жастағы қарағандылық жігітке қатысты Қылмыстық кодекстің 380 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Тәртіп сақшысының арқасында көлік жүргізушілерінің жеке мүлкі сақталып қалды. Полицей бірден ауруханаға жеткізіліп, бүгінгі күні амбулаторлық емдеуден өтіп жатыр.