Басты жаңалықтар

Қадір түнін қалай күтіп алудың ережесінен хабардар болыңыз

Аллаға құлшылық етудің де тәртібі мен ережесі бар

Бұның біздерге қайыры барына кәміл сенімдіміз. Мүмкін бұл мұсылмандардың үнемі сергек, Аллаға ғибадат, құлшылықта жүруін қалағандықтан шығар.

Қадір түніне келсек, ол – түндердің ең қайырлысы. Өйткені, хадисте айлардың қайырлысы Рамазан, түндердің қайырлысы Қадір түні, күндердің қайырлысы Жұма күні екені айтылған.

Бұл түнді негізінен Рамазан айының соңғы он күнінде, тақ санда іздеу керек. Көпшілік ғалымдардың ортақ пікірінше, Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші түні болып есептеледі, деп жазады muslim.kz.

Құранда бұл түннің артықшылығын түсіндіретін арнайы сүре де бар. Ол сүреде Жаратушы иеміз былай дейді:

«Анығында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады» («Қадір» сүресі).

Мүминдер бұл түнді дайындықсыз өткізбеуі тиіс. Өйткені, Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз жеткізген хадисте «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» делінген (Бұхари, Қадір, 1).

Бұл түні жасалуы тиіс істердің қатарында намаз оқу, Құран оқу, өткен күнәларды енді жасамасқа тәубе етіп, кешірім тілеу, жалбарынып тілек тілеу керектігін айта аламыз.

Мойнында намаз қарызы барлар нәпіл намаз оқымай тұрып, әуелі бес уақыттық қаза намаздарын өтеуі артықшылыққа жатады. Ғалымдардан Суфиян Сәури «Қадір түні тілек тілеп, кешірім тілеу намаздан ұнамды. Құран оқып, артынан тілек тілеу – ең жарасымдысы» деген.

Айша анамыз Алла Елшісінің рамазанның ақырғы он күнінде құлшылыққа ерекше ден қоятынын айтады. Бұл түні қалай дұға ету керек деп сұрағанда, пайғамбарымыз мына дұғаны үйреткен: «Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіргенді ұнатасың, мені де кешіре гөр!»

Иә, күнәдан алыс Пайғамбарымыздың өзі (с.а.с.) күніне жетпіс я жүз мәрте өзіне кешірім тілеп отыруды әдет еткен. Ендеше, күніне сан түрлі күнәмен бетпе-бет келіп жүрген қазіргі мұсылмандарға күн сайын мың рет, Қадір түні таңға дейін кешірім тілесе де артықтық етпесі анық.

Бұл түн мың айдан қайырлы болуымен де артықшылыққа ие. Мың ай тура сексен үш жыл, төрт айға тең. Ал бұл өз кезегінде бұрынғы үмбеттердің өмір бойы жинаған сауабын бір түнде алу мүмкіндігі деген сөз.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бірде сахабаларға Исрайыл әулетінен бір кісінің мың ай бойы ат үстінде Алла үшін жиһад еткенін, кей риуаяттарда мың ай бойы күнә жасамай ғибадат еткенін айтқанда, сахабалар «біздікі оның жанында түкке де тұрмас» деп таң болған еді. Осы кезде Жәбірейіл түсіп:

– Мұхаммед, үмбетің сен айтқан адамдарды естіп таң қалды. Ал Алла Тағала оларға бұдан да қайырлысын берді, – деп «Қадір» сүресін оқып береді.

Тағы бір риуаятта пайғамбарымызға бүкіл үмбетінің өмірі көрсетіледі. Басқа үмбеттерге қарағанда өз үмбетінің өмірінің аздығын көрген пайғамбарымыз бұған мұңаяды. Осы кезде Алла Тағала оған «Қадір» сүресін түсіреді.

Бұл түннің берекесі мол. Өйткені, жер бетіне сан мыңдаған періштелер түспек. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай кетеді. Мүминдерді айнала қоршай Алла Тағаланың оларға деген кешірімі мен мейірімін айтып сүйіншілейді. Таң ағарып атқанға дейін осындай жағдайда болған мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахаты орнайды.

Бір хадисте «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп» делінген.

Қадір түні түнімен құлшылық жасай алмайтындарға ең болмаса тарауих намазынан кейін біршама уақытын дұғаға арнауы керектігі айтылады. Өйткені, бұл түні жасалатын дұғалардың қабыл болатынына деген нық сенім бар.

Айта кетейік, биыл маусымның 11-нен 12-не қараған түні Қадір түніне сәйкес келеді.