Илья Ильин үлкен спортқа қайта оралды
Илья спорттан шеттетілген уақытын қалай өткізгені жайлы, жан тебірентерлік әңгіме айтып берді
Допинг дауынан кейін екі жыл мерзімге спорттан шеттетілген қазақстандық ауыр атлет, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин спортқа қайта оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Нақтырақ айтқанда, Илья Ильинді спорттан шектету мерзімі 2018 жылдың 10 маусымында аяқталған. «10 маусымды мен өте көп күттім. Мен 24 мамырда отыз жасқа толған едім. Мамыр айында отызға толып, қуанышқа бөленгеніммен кеше күш пен эмоциям қайта көтерілді. себебі, мен өзімнің сүйікті ісіме қайта оралдым. Осы уақытқа дейін еңсем түсіп жүргенімен, ал кеше өзімді еркін сезінгенімді білдім. Кезекті рет өзіме әлі де ауыр атлетке тоймағанымды дәлелдедім. Маған зілтемір көтерген ұнайды. Мені қолдаған барлық отандастарымды осы қуанышыммен бөліскім келеді», - дейді спортшы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Илья Ильинн сондай-ақ ең алдымен кімге алғыс білдіргісі келетінін айтты. «Ең алдымен, әлбетте, Халық және президент. Бірақ, бүгін президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа - өзімнің рухани әкеме рахмет айтқым келеді. Өте күрделі кезеңде - өткен жылы біз ЭКСПО-да кездестік. Ол мені өзіне тартып: «Еш уайымдама. Сен мен үшін чемпионсың. Бәрі ойдағыдай болады. Мен саған сенемін» деп қолдау білдірді. Міне, осы сөзі мені қанаттандырды. Әлбетте, маған қолдау білдірген барлық адамдарға зор алғысымды білдіремін», - деді Илья Ильин. «Болашақ жоспарларым туралы айтып өткім келеді. Қазіргі дене қалпымның күйі жаман емес. Салмағым - 101-103 келі аралығында. Біз салмақ категорияларын күтіп отырмыз. Яғни, бір айдан кейін әлемдік ауыр атлетикада қандай салмақта өнер көрсететінім белгілі болады», - дейді спортшы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Спортшы қазіргі уақытта салмақты не өсіріп, не кемітіп алмауды бақылап жүрген көрінеді. «Жұмада жұлқи көтеруде 172 келіні, серпе көтеруде 212 келілік көрсеткішті көрсеттім. Қазіргі кезеңде жағдай жақсы. Бапкерімнің маған көңілі толып отыр. Әлбетте, 22 жылдық спорттық мансабым болғандықтан, аяққа салмақ түсіп, жарақат алып қалатын кездерім бар. Бұл әлбетте қалыпты нәрсе. Бірақ, жалпы менің ойымша, жағдайым 90 пайызға жақсы. Ары қарай жақсара береді деген ойдамын», - дейді ол. Ильиннің айтуына қарағанда, қыркүйек айында Қазақстан чемпионаты болады. «Мен сонда өнер көрсетуге бел буып отырмын. Бәріне де шарт бірдей: барлығымыз Қазақстан чемпионатынан өтіп, Әлем чемпионатына баруымыз керек. Сол сындарды бағындырсақ, Токио Олимпиадасына лицензияны аламыз. Әзірге мақсатым - Қазақстан чемпионатын ұту. Толық дайынмын. Жеңісті қалаймын. Маған тек жеңіс керек», - деді Илья Ильин.