Астаналық ата-ана асырап алған 8 баланың екеуін өз қаржысына Қытайда оқытып жатыр (фото)
Отағасы: Қалған 8 баланы да шетелде оқыту ойда бар. Балалар тіл білсе болашақта қиналмайды
Астана тұрғыны Жанар Байжулдинова мен оның жоласы Жәнібек Қабанов бүгінде ортақ он баланы бағып отыр. Сол он баланың сегізін балалар үйінен асырап алған. Елге үлгі боларлық ерлі-зайыптылар KYN.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген еді. Бүгінде он баланың екеуі мектеп бітіріп университетке түсетін жасқа жеткен. Бірақ олардың ата анасы екі қызды Қытай еліне жіберді. Олар қазір дайындық курсында ақылы түрде оқып жатыр. Тілді толық меңгергеннен кейін университетке оқуға тапсырады. «Біз оларды мектеп жасынан бастап ағылшын тілінде оқытатын мұғалімді үйге шақырып оқыттық. Қыздар ағылшын тілін орташа деңгейде біледі. Ендігі ойымыз қытай тілін меңгерсе. Сол үшін алдын ала жоспар құрып, қытай университетінің дайындық бөліміне оқуға түсірдік. Оның барлығы ақша. Ешкімнен бір тиын сұрап отырғанымыз жоқ. Барлық шығын өз мойнымызда. Бастысы балалар жақсылап дайындалып, университетке оқуға түсіп кетсе екен. Бұл әрекетіміздің барлығы, олардың болашағы үшін.»,-дейді Жанар Байжулдинова. Ал отағасы Жәнібек мырза өзі заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алған. Қазір адвокат болып жұмыс істейді. Қосымша кәсіппен де айналысады. «Менің студенттік шағым 90-шы жылдарға тура келді. Жұмыс жоқ. Анам аяғынан су өтіп жүріп бәліш сатып, тамағымызды тауып беретін. Ол кісінің осындай еңбегін көріп, ақша сұрауға дәтім бармайтын. Сабақтан кейін күзетші болдым, басқа да қара жұмыстарды істедім, барынша өз тамағымды асырап, отбасыма ауыртпашылығымды салмауға тырыстым. Қазір өз балаларыма осындай оқиғаларымды айта отырып, «уақыттарыңды босқа өткізбеңдер» деймін. Жұмыс барысында тіл білген адам ешқандай да жұмыссыз қалмайтынын түсіндім. Балаларға бар жиған қаржымды салып, оларға шетел көрсеиіп, шетелде оқытып жатырмын. Айтарым,бірнеше тіл білсе, жерде қалмайды. Тым құрығанда саудамен айналысады. Қалған сегіз баланы да күш-қуатым жетіп тұрса сол шетелде оқытып, көп тіл білуге баулимын. Олар маған осы еңбегімді қайтаруға ешқандай да міндетті емес. Оларға «Барлығы өздерің үшін» депайтып отырамын.»,-дейді заңгер Жәнібек Қабанов.