Жас қыз қолын сындырып, басын жарған:71 жастағы әжей оқиғаның қалай болғанын айтты
Алматы облысындағы ауыл тұрғындары енді кішкентай қыздға осындай тәрбие берген анасы мен әкесін жауапқа тартуды сұрап отыр.
Адамшошырлық оқиға Алматы облысындағы «Мерей» саяжайында болған. 16 жастағы қыз әжесіндей адамды аяусыз ұрып-соққан, деп хабарлайды КТК. Қалышбике Айымбетова әжей бойжеткеннен ауласына кірген малды айдап шығуын сұраған. Алайда айтуы бойынша, жас қыз оған құлақ аспапты. Бөтен малды өзі шығармақ болғанда жеткіншек әжейге жұдырық ала жүгіреді. “Таспен ұрды басымнан. Аузымдағы салмалы тіс қой, шығып кетті. Қан деген ағып жатыр. Қайдан ағып жатқанын білмеймін. Үстіме мініп екі аяғымен отырып алған. Жын қаққан ба, ауру ма түсінбедім мен?!”, – дейді әжей. Зардап шегушінің айтуынша, қыз оның үстіне шығып алып аяусыз ұра бастаған. “Келсем, аузы, қолы қан. Шешеңнен де үлкен адам. Ұят емес пе дедім! Ол қарсыласып тұра берді бізбен”, – дейді оқиға куәгері Дінмұхамед Өтемісов. Дәрігерлер әжейдің миына зақым келгенін, миы шайқалғанын айтады. Енді әжейге асқан күтім қажет болады. “Науқас басынан қатты жарақат алған. Миы шайқалған. Есінде болғанымен, жағдайы ауыр. Емделгеннен кейін де ол кісіге ми жарақатына байланысты ерекше күтім қажет”, – дейді Іле аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айдар Солтанғазиев. Алайда жеткіншектің ата-анасы қызының ондай әрекетке бармайтынын айтып бақты. Қызының әжейді ұруы мүмкін емес деп отыр. Оқиғаға байланысты «Денсаулыққа қасақана зиян келтірді» деген бап бойынша ғана іс қозғалды. Қыз кәмілетке толмағандықтан ата-анасы айыппұл төлеп құтылуы мүмкін. Қазір бойжеткен бей-жай үйінде жүр.