Ардан аттасам министрлікте отырар едім: Иманбаева биліктегі қызметтен неге бас тартқанын ашық айтты
Танымал әнші, актриса Айгүл Иманбаева Министрлікте жұмыс істеу ұсынысын неліктен қабылдамағанын түсіндіріп берді
Иманбаева кезінде оған жасалған ұсыныстардан бас тартқаны үшін өкінген сәттері болғанын да жасырмады. Десе де, ол бұл ұсыныстарды қабылдау үшін ар-ұяттан аттап өтуге тәрбиесі жібермегендігін айтты, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап. "Қазақта арың мен намысыңның құлы бол деген бата-тілек бар. Қолдан келгенше ардан аттамауға тырысамын. Сол дүниеден аттағанда мен қазір жоқ дегенде мәдениет министрлігінде, болмаса үлкен "креслода" отыратын едім. Оған мүмкіндік те, талай ұсыныс та болды. Моральдық тұрғыдан аттай алмасаң, маңдай тер мен еңбек, адал тапқан табысыңа жүгінесің. Осы нәрсенің нәтижесі тәтті болады екен. Оны енді сезініп жатқан жайымыз бар. Сол кездері "Неге сөйтпедім?! Маған ұсыныс жасап еді, неге бас тарттым? Әттеген-ай" деген кездерім болды.. Алайда оның қайыры бар. Ол — балам, анам мен ағайын-туысымның алдында ашық-жарқын, абыроймен жүргенім. Арымнан аттамағандықтан осылай жүрмін деп ойлаймын", — деп сөзін қорытындылады Айгүл Иманбаева.