Емханада жатқан шымкенттік полицей жұмбақ жағдайда көз жұмды
Туысқандарының айтуынша, дәрігерлер емделіп жүрген ер адамға уколды алдын ала сынама жасамай салған
Қайғылы жағдай қаладағы жекеменшік медициналық орталықтарының бірінде болған. Туыстарының айтуынша, ер адам ем қабылдау кезінде кушеткада жатып көз жұмған. Марқұмның отбасы ер адамға дәрігерлер алдын ала сынама жасамай укол салғанына сенімді. Ал медбике өз кезегінде ешқандай инъекция болмағанын айтқан. Алайда туыстары ер адамның денесінен укол ізін тапқан. "Әйел гинекологқа кеткен, ал оған алты укол салған. Осы кезде ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтады. Дәрігер оны кушеткаға жатқызып, тамызғышпен дәрі құяды. Ол осы сәтте көз жұмды", — деді отбасы мүшесі. Шымкент ішкі істер департаменті марқұмның өздерінде жұмыс істегенін хабарлады. Оның қайтыс болғаны туралы ақпарат 25 қыркүйек күні келіп түскен. Болған жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің 317-бабы "Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.