Бекболат Тілеухан бірнеше әйелді қалай тату-тәтті ұстап отырғаны туралы айтып берді
Әнші: Дүние күйіп кетсе де 14 балама уақыт табамын. Белгілі бір уақытта мойныма шығып еркелеп, әрқайсысымен ашық сөйлесуіміз керек.
Танымал әнші, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ашық сұхбатта отбасы туралы барлық сұрақтарға жауап беруге тырысты. Ол осыған дейін өз балалары туралы жалған ақпарат тарағанын айтып, халыққа түсініктірек болу үшін бала тәрбиесі жайлы да айта кетті. "Алдында Бекболаттың 11 баласы бар екен деп жазып жатты. Шын мәнінде 14 балам бар. Қазіргі кезде он төрт түгілі төрт баланы асырап, жеткізу оңай болып тұрған жоқ. Маған жомарт болып, кез- келген жерде шашылу да сән емес әрі мүмкін емес. Менің балаларым байлықты оңды-солды шашып жүрген жоқ. Бірақ мен оларды ерке қылып өсірудемін. Ата-ананың мейіріміне қанбаған бала жасқаншақ болады. Ол тартыншақ болмау керек. Барынша балаларға жақын болуға тырысамын. Мен ат үстіндегі адамм ын, соған қарамай дүние күйіп кетсе де белгілі бір уақыттарды бөліп, балаларым мойныма мініп отыратын кездер болады. Міндетті түрде сөйлесеміз, үнемі байланыста, сырласуда боламыз. Ұлтты ойласаңыз, балаларыңызды ойлаңыз. Әйел мен күйеудің татулығы қоғамға пайдалы. Бірнеше отбасын, он төрт баланы татулықта ұстау оңай дүние емес. Бұл жағдайды адамдардың имандылығы ғана сақтап тұрады. Қазір қоғамда әйелдер көп дүниеге жауап береді. Кейде бір мәселені әйелмен ақылдасуға тура келеді. Аюдай ақырған жігіттердің әйелінің бір қаққанынан қалмайтыны көп. Осындай заманда көп әйел алу- өзіңе өзің қол салумен тең.",-дейді Бекболат Тілеухан. "Екі балам Америкада білім алып, елге оралды. Қазір жұмыстарын істеп жатыр. Жанарқада жақсы асыл тұқымды жылқыларым мен қойым бар.",- деп әнші "Nazar" бағдарламасының барысында елден келген сұрақтарға жауап берді. Саясаткер қоғамдағы ажырасудың көптігіне қыздарды тәрбиелеп отырған аналардан, яғни қыздарға тыйымның жоқтығынан деп түйіндеді. "Қазір "Ішіме сыйған бала, сыртыма да сияды" деп тәрбиелейді. Бұрында тұрмысқа шыққан елің сенің нағыз жұртың деп тәрбиелеген. Одан қалса қазір ажырасуға телефон себеп. елге мәселесін айтады, оның мәселесіне басқалар араласады. Содан ұрыс басталады",- дейді Бекболат Тілеухан.