Оқудың ақысын төлеу үшін елордалық ару 65 жастағы қарияның тоқалы атанды
Жиырма жастағы астаналық студент оқуға төлейтін ақшаны таппаған соң, ол өзінен 45 жас үлкен азаматқа екінші әйел ретінде тұрмысқа шықты
Бұрымды мұндай қадамға әлеуметтік жағдайының төмендігінен барыпты.
Жаға ұстатарлық жайт туралы танымал теолог Мирхат Мадияров айтып берді. "Студент қыз жоғарғы оқу орнында ақылы түрде оқиды екен. Әкесі жоқ, бір бауыры мен анасы ғана бар көрінеді.
Таныс имамды мейрамханаға неке қидыруға шақыртқан. Барса кәрі шал мен жас қыз үйленіп жатқан. Әлгі жерде неке туралы куәлік сұратып, қыздың ата-анасын шақыртса, туған ағасы келіп рұқсат берген.
Бауырының айтуынша, бойжеткеннің университетке төлейтін оқу ақысы болмаған, соны жаңағы бизнесмен шал төлепті.
Сондай-ақ, анасы да қызының әкесімен жасты, өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып жатқанына қарсылық білдірмейтінін және ол азаматты «отбасылық досымыз, жанашырымыз» деп сенім білдіретіндерін жасырмаған", - дейді «Шаңырақ» діни мәселелерді алдын алу және оңалту орталығының басшысы.
Теолог осы оқиғадан соң біраз уақыт бойы қыздың болашағы үшін уайымдағанын да жасырмады.
"Мен имамнан әлгі отбасыны сұрап, іздегім келді. Жиырма жастағы қызға қатты жаным ашып, тіпті молдамен сөзге де келдім.
Ақша үшін өзінен 45 жас үлкен шалға екінші әйел ретінде тию деген сұмдық қой.
Әлеуметтік жағдайдың жоқтығы жастарды қайда апаратынын жоғарыда отырған басшылар білсе деп айтып отырмын", - деп күрсінді теолог.