Басты жаңалықтар
Түркістандағы Ақбура әулиеге барып сиынған спортшы қыз тұрмысқа шығып, бағы ашылды
- автор kyn.kz
- 8 қазан, 2018
- 430
Кесене маңында орналасқан бұлақ та емдік қасиетке ие. Оның суын ішкен талай емделуші дертінен айығып кеткен.
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында орналасқан Ақбура әулие кесенесіне зиярат етушілердің бірі перзент сұрап келсе, енді бірі денсаулығына шипа тілейді. Кесене басындағы шырақшылар түрлі тылсым күшке куә болған, айтуларынша, талай жанның тілегі орындалған.
"Ақбура әулие туралы нақты дерек жоқ. Ата-бабаларымыз айтып кеткен аңыз бойынша, ол Қ.Ясауидің замандасы әрі шәкірті болған. Оның әкесі, атасы, бабасы дін жолын ұстанған. Емшілік қасиеті болған деседі. Бұл қасиет Ақбура бабаға да дарып, ел ішінде зікір салушы атанған. Ақбураның шын аты Ақтамберді болған делінеді аңыздарда. Ақбура есімін Қ.Ясауи берген екен",- деді кесене шырақшысы. Ерекше күштің иесі Ақбура қазақ жерінде ислам дінін таратушылардың бірі. Ол памдат намазының екі бас сүннетін Қазығұрттағы бұлақ басында оқып, қалғанын Йассыдағы мешітте жалғастырған. Түйесіне мініп, әп-сәтте Түркістанға жетіп баратын оның аузына үйілген ақ көбік иығына дейін төгіліп жүретін көрінеді. Міне, осыдан кейін Ақбура атанып кеткен.
"Ақбура әулие кесенесіне тек облыс халқы емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп зиярат етеді. Тіпті Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден, керек десеңіз сонау Германия, Австрия, Түркия елдерінен келетіндер бар. Әрине, олар тек осы кесенеге емес, өңіріміздегі өзге де киелі орындарды аралайды",-деді шырақшы.
Ақбура кесенесінің маңында бұлақ суы ағып тұр. Оны жергілікті халық "Ақбура" бұлағы деп атап кеткен. Шырақшының айтуынша, бұлақ суының өзіндік емдік қасиеті бар. Бірі тері ауруларына пайдасы тиеді десе, келесі бірі бауыр-бүйректі тазартады деп айтып жатады. Зиярат етушілердің енді бірі бұлақ суымен шомылсақ, ерекше энергияға кенелеміз дейді екен. Айта кетерлігі, бұлақ суынан кейбір адамдарға жалыны бар ақ жылан көрінеді. Кесенедегілер оны періштеге балап отыр.
Ақбура кесенесіне дертіне шипа сұрап қана емес, өзге де тілектері қабыл болуын тілейтіндер бар.
"Кез келген адам бір нәрсеге мұқтаж ғой. Сондықтан киелі орындарды аралап, тілек тілейді. Бірақ кесенелерді араласа барлық адамның тілегі қабыл болып кетеді деуге тағы болмайды. Сондықтан "мен тілеп едім, орындалмады" деп қолды бір сілтеп кетудің қажет жоқ. Бүгін болмаса, ертең ниетің қабыл болуы мүмкін. Басты, ішкі тілек пен нииетте",-деді кесенедегілер.