Тоқаев: Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә
- автор kyn.kz
- Бүгін, 12:43
- 74
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының құрылтайында ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор ретінде мемлекеттік тілді атады.
"Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды. Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды "Заң мен тәртіп" қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек. Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей. Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз", – деді Тоқаев.
Президент қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуға шақырды: Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек.
"Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды. "Бірлік бар жерде тірлік бар", бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет", – деді мемлекет басшысы.



