Басты жаңалықтар
Үлкенге сөз қайтармаймын: Ел арасында қызу талқыға түскен жұлдызды жұп Әрсен мен Мереке отбасыларының ерекшеліктерін айтты
- автор kyn.kz
- 12 қазан, 2018
- 939
Танымал әзілкеш Мереке өзінен кіші жігітке тұрмысқа шығудың артықшылықтары мен кемшіліктерін атады
“Үйге кешігіп келіп жатсаң, Мереке дауыс көтеріп, ұрсып жатса, оған сөз қайтармаймын. Себебі үлкен адамға не деп сөз қайтарасың?! Плюс жақтары көп. Үйретіп әуре болмайсың ғой. Мысалы, кішкентай 2001 жылғы қыздарды алсаң, үйретіп жүрем, онымен айқай-шу болады. Бұл кісі бәрін біледі, қас-қабағыңнан түсінеді”, – дейді Әрсен.
Отағасы жас айырмашылықты әзілге келтіріп айтқанымен, Мереке үшін бұл отаудың кемшін тұстары байқала бастапты. Алайда мәселе екі жастың қарым-қатынасында емес, жұрттың сөзінде екен.
“Мен үшін минус жағы көп боп кетті. 4 ай бұрын ғана тұрмысқа шықтым. Осы уақыт аралығында 1040 бағдарламаға барып шыққан шығармыз. Әлемде осылай үйленіп жатқан екеуміз ғана ма деп ойлап қалдым. Арамыз 6-ақ жас. Халыққа дым жақпайды екен. Тұрмысқа шықпай жүрсең “кәрі қыз” дейді, енді шықсам “жас жігіттің басын айналдырып алды” дейді. Сонда не ұнайды?” – дейді ол.
Мереке кезінде кіші жігітке тұрмысқа шықпақ түгілі, сөйлеспеймін деп өз-өзіне уәде беріпті.
“Тіпті, өзімнен 1-2 жас кіші жігіттер әңгіме айтса, әрі бар деп жүрген қыз едім. Одан соң Қызылорданың ауа-райы ұнамайтын. КВН-мен барған кезімде мына жақта адамдар қалай тұрады, өліп қалсам да мұнда шықпаймын дейтінмін. Адам болған соң айта береді екенсің, бірақ басыңа түссе көнесің. Қызылорданы былай қойып, Арал деген ауданға топ ете қалдым. Енді өкінбеймін, бәрі шүкір жақсы. Қазір ең сүйікті қалам – Қызылорда, оның ішінде Арал. Жақсы көретін жұптарым күйеулері өзінен кішкентай жұптар (күліп). Жалпы адамның қалағаны емес, Алланың қалағаны болады”, – дейді Мереке.
Осы уақытқа дейін белгілі қыздар командасын басқарып келген Мереке жасы 27-ге келсе де көп нәрсені ұғына қоймағанын айтады. Бұл орайда оған небәрі 21 жастағы жолдасы көмектеседі екен.
“Көбінесе ұрысты мен бастайтын сияқтымын. Мен, мысалы бір команданы басқарып келдім. Бойымда көшбасшылық қасиет бар. Басқару қабілетің күшті деп бәрі айтатын. Сахнадағы өмір мен отбасында басқа екен. Отбасында әйел деген күйеуіне сөз қайтармау керек қой негізі. Ойланбай “А” деген кезінде “Б” деп қалатын кезім болады. Бірақ одан кейін барып ойланамын. Бірақ осы 4 айда Әрсен маған 27 жылда үйренбеген нәрсемді үйретіп келе жатыр. Мысалы, кез келген ортада қыз бен жігіт тең деп, гендерлік саясатты ұстанып жүретінмін. Қазір ойым 180 градусқа өзгерді”, – дейді Мереке.