Басты жаңалықтар
Күресім бір минут та тоқтамайды: Сайрагүл Сауытбай елбасы мен құзырлы органдардан көмек сұрады (видео)
- автор kyn.kz
- 18 қазан, 2018
- 225
Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен қандасымыз Сайрагүл Сауытбай видеоүндеу жазып, елбасы мен халықтан көмек сұрап отыр
Бейнежазба тележүргізуші Сәуле Әбілдаханқызының парақшасында күні кеше жарияланған.
«Қазақ деген халықтың назарына! Қазақстан деген мемлекеттің тізгінін ұстаған Елбасының және Ел ағаларының назарына! Алматы облысы ІІД КҚБ-ның бастығы – полиция полковнигі Е.Н.Алтаев мырзаның назарына! Өміріне бүкіл қазақ екі ай бойы күндіз-түні араша сұраған Сайрагүл Сауытбайдың Елге сәлемі.Тағы да “Араша, Елбасы!” дейміз!», – деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.
«Қара орманай әз халқым! Елдігі мен ерлігі біте қайнасқан қазақ елі, тағдыры тағы да сынға түскен Сайрагүл Сауытбайдан жалынды сәлем! Тағдыры екінші рет сынға түскен бүгінгідей қиын сәттерде халқымның бір ниет, бір мақсатпен мені қолдап-қуаттаулары менің өшкелі тұрған үміт отымды қайта жандырды. Тек бір пайыз үміт болады, мен жүз пайыз күресуге дайынмын.
Әуелі Алла, одан соң өздеріңіздің шексіз ықыластарыңыз, қолдауларыңыз тұрғанда неге күреспеймін. Алла мені сіздердің осындай қолдау-қуаттарыңыздан айырмаса екен. Тағдырыма алаңдап отырған халқыма алғысым шексіз.
Мен босқын мәртебесін алғанша, өз елімнің азаматтығын алғанша, күресім бір минут та тоқтамайды. Құрметті елбасы және барлық құзырлы органдар, қоғам қайраткерлері!
Мен секілді балапандарын сағынып әрең жеткен, өз елінен пана іздеп келген бір ананың қасіретті күйінішін ет жүректеріңізбен түсініп, халқымның үмітін ақтап, тарихи отанымда екінші рет өмір сүретін мүмкіндік берулеріңізді, балапандарымнан айырмауларыңызды сұраймын», – деді Сайрагүл Сауытбайқызы.
Айта кетейік, 4 қазан күні шыққан сот шешіміне сәйкес, Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруге, саяси баспана беруге бас тартылды.