Басты жаңалықтар
Қалқаман Сарин бесінші қызына ерекше есім бергенін айтты
- автор kyn.kz
- 21 қазан, 2018
- 2.0k
Ақын: Әкем 40 жасында 12-ші баласы мені сүйген, мен бесінші рет әке болып отырмын.
Танымал ақын Қалқаман Сарин бесінші рет әке болып, халыққа қуанышты жаңалығын өзі жеткізді. Ол өзінің бесінші рет әке болуын қазіргі заманда ерлік деп бағалайтындарға әкесін мысал етті.
"Ойлап отырсам, мен өмірге келгенде әкем 40 жаста, анам 38 жаста болған екен. Былай айтқанда "Қырықбаймын" ғой. Марқұм анам 12 құрсақ көтерген. Мен он екіншісі, үйдің кенжесімін. Дәл қазір әкемнің жасында — қырықтамын. Қырық жаста 12 бала тудырған марқұм әкемдей бола алмасым анық енді.
Асылық болмасын, шүкір деп айтайын, Жаратқан ием қырық жасымда бесінші баланың әкесі етті. Бірақ, "Қырықбай" емес, қырық шырақты қыз сыйлады. Алла тағала берген сыйын берекелі етсін!
Сөйтіп, қызымызды кеше перзентханадан үйге əкелдік. Кернейлетіп керуен тартып, сырнайлатып серуен құрмадық. Жым-жырт барып алып келдік. Баба дәстүрімен кіндік әкесі мен шешесі деп Медет пен Клараны сайладық.
Өмірде де, өнерде де жұбы жарасқан жандар. Өнер адамы деген өлшемге сай кісілік келбетін сақтап жүрген қарапайым да мерейлі отбасы. Өнерлі әйел адамының көркем үлгісін көрсетіп, көпшілік көзайымына айналған Кларадай болсын деп ырым еттік.
Дос жоқ емес, дос көп. Шүкір! Әйтеуір, әдеттегі жағдай ғой деп аса ешкімді мазаламадық. Тұрсынбек пен Мөлдірге айтсақ, перзентхананың ішін той қылып жіберер еді...
Қайрат пен Лəззатқа рахмет! Қашанда ақ ниет, адал көңілмен алып-ұшып тұратын таза жандар. Екеуінің еңбегін ертеден кешке дейін айтып тауыса алмаймыз.. Әрине, Мәди досымның да орыны мен көңілі бөлек. Рахмет! "Қызыңызға қандай есім қойдыңыз?"- деп сұраушылар да көп)
Айтайын, қызымыздың атын жанашыр ағамыз Абдулла қари азан шақырып Айша Нұр деп қойды. Қызымыздың есімі – Айша-Нұр!
Айша-Нұр Қалқаманқызы!Қысқасы, жаңалық осы.. Аман болыңыздар!
Қоңырау шалып, хабарлама жолдап құттықтағандарға мың алғыс!
Баршаңызға Алла разы болсын!
Перзентханаға жиі барып тұрайық!",- деп жазды жеке парақшасында ақын Қалқаман Сарин.