Басты жаңалықтар
Министр жекеменшік балабақша тәрбиешілерінің жалақысы қалай өсетінін түсіндірді
- автор kyn.kz
- 30 қазан, 2018
- 233
Енді балабақша тәрбиешілері де жұмысқа тұру үшін ұлттық бірыңғай тест тапсыруы мүмкін
Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері өскенімен, "Балапан" бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты орындап отырған балабақша тәрбиешілерінің жалақысы сол күйінде қалуы мүмкін.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Мұрат Бахтиярұлы мұның үлкен проблема екенін айтып, тәрбиешілер жалақысының өзгеріссіз қалатынына алаңдап отырғанын жеткізді. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз кезегінде осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Мұрат Бахтиярұлы "Балапан" бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты орындайтын жекеменшік балабақша тәрбиешілерінің жалақысына алаңдап отырғанын жеткізді. Себебі, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 28 284 теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтерілсе, тек бюджеттік қызметшілердің жалақысы өсуі мүмкін. Осы орайда, маман ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтен бұл мәселенің қалай реттеліп жатқанын сұрады.
"Бұл — үлкен проблема. Осыған қатысты мемлекет қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?" — деді ол.
Министр өз кезегінде бұл мәселенің дәл қазір өзекті болып тұрғанын және оған қатысты көптеген жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Мемлекеттік тапсырысты орындап отырған балабақша тәрбиешілерінің де жалақысы көтеріледі. Тек бұл процесс балабақшаға ата-аналар төлейтін ақшаны көбейту арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, бұған жергілікті бюджетті игеретін әкімшілік атсалысады.
"Балапан" бағдарламасына қатысты осындай мәселе туындап отырғанын түсініп отырмыз. Қазір тәрбиешілердің жалақысын көтеретін болсақ, "Балапан" бағдарламасының бағасын қымбаттатуымызға тура келеді. Мұны жасадық. Қазіргі норма бойынша 19 мың теңге емес, 27 теңге болып отыр.
Жалпы әр облыста әртүрлі. Менде бар ақпарат бойынша, 4-5 облыс мұны толық орындап отыр", — деді Ерлан Сағадиев президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту, оның ішінде балалардың ерте дамуына арналған бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері бойынша өткізілген отырыс кезінде.
Мұнымен қатар, министр балабақша тәрбиешілерінің жалақысы ұстаздар секілді біліктілігін арттырып, ұлттық бірыңғай тестілеу арқылы анықталатынын айтып өтті. Биыл 1-11-сыныптарға сабақ беретін 60 мың ұстаз ұлттық бірыңғай тест тапсырған. Сондай-ақ, желтоқсан айында өтетін тестке 60 мың мұғалім жазылған.
"Бұл тестілеу механизмге айналды. Педагог өз ісін білетінін көрсетсе, жалақысын көтеруге дайынбыз. Меніңше, 5 жыл көлемінде мектеп ұстаздарының 100%-і ұлттық тестілеуден өтеді деп ойлаймын.
Екіншіден, осы жүйе тәрбиешілерге де енгізілмек. Яғни "Біз курс ақшасын төлейміз, ал сен оны өтуің керек". Бұдан кейін жаңа "сүзгіден" өтіп, біліктілігіне байланысты жалақысы 50%-ке дейін көбейеді. Осыны психологтарға да енгізіп жатырмыз. Бұл — халықаралық практика", — деді Ерлан Сағадиев.
Әрі қарай министр бұл мәселенің қазір де талқыланып жатқанын айтып өтті. Яғни бұл жүйенің балабақша тәрбиешілеріне қашаннан бастап енгізілетіні белгісіз.
Бұдан өзге Сағадиев жыл сайын әртүрлі білім ордасында мектепке дейінгі білім беру саласында оқығандардың тек 900-і балабақшаға келіп жұмыс істейтініне алаңдайтынын жеткізді. Министрдің айтуынша, 10% — тым аз көрсеткіш.
Дәл қазір Қазақстандағы балабақшаларда 55 мың тәрбиеші жұмыс істейді. Оның 45%-і ғана мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша оқыған. Ал республикада мұндай мамандарды даярлайтын 36 колледж бен 36 жоғарғы оқу орны бар.
Мұнымен қатар, жыл сайын аталған мамандыққа бөлінетін грант саны көбейіп келеді. 2017 жылы ЖОО-ларға — 270, ал 2018 жылы 500 грант бөлінді. Ал 2017 жылы колледждерге — 5 560 грант, 2018 жылы 7 200 грант берілді.