Басты жаңалықтар
Алматы облысында құрылысшы жігіт үй иесін өлтіріп мәйітін бетондап тастаған
- автор kyn.kz
- 7 қараша, 2018
- 205
Марқұмның туыстары енді тіпті көшеге шығып, балаларды қараусыз қалдыруға қорқып отыр.
Алматы облысында ауылдасын айуандықпен өлтірді деген күдікпен бір азамат ұсталды. Танысының үйіне құрылысшы болып жалданған ол үй иесін балтамен ұрып, оның қансыраған мәйітін моншаның ішіне көміп тастаған, деп жазды КТК арнасы.
Тіпті, осы қылмыстан бейхабар інісіне көмілген өліктің үстінен бетон құйғызыпты. Жантүршігерлік оқиғадан кейін Көксай саяжайының тұрғындары жағаларын ұстап отыр.
Қанды қылмыс осыдан он күн бұрын осы үйде болған. Екі ауылдастың әңгімесі жанжалға ұласып, 40-тан асқан азамат үй иесін балтамен ұрып, айуандықпен өлтірген. Өлікті жасыру үшін мына моншаның ішіне оны көміп тастапты.
Ертеңіне қаскөй еш шімірікпестен асарға келген інісіне қаңсыраған мәйіттің үстінебетон құйғызыпты. Адам шошырлық оқиғадан бейхабар марқұмның туғаны монша құрылысын жалғастыра берген. Ал әлгі жауыз «қолмен істеген қылмысын» білдіртпес үшін сол күні із суытыпты.
"Туған інісіне бетон құйғызған ғой. Ерлан білмеген оны. Сол күні асар болып, қақпа барлығын жабу керек еді. Бауыры екенін білгенде, жылады ғой".- дейді Көксай саяжайының тұрғыны Райгүл Данова
Азамат есімді күдікті 31 жастағы марқұм Бақыт Ақжоловтың үйіне құрылысшы болып жалданған екен. Үйді бірге тұрғызып, емен-жарқын араласқан ауылдастар арасындағы жіктің неден туғанын саяжай тұрғындары айтып берді.
"Жаздай тамақ беріп жүрдім ғой. Ол бала үйдің мына жағын және моншаны салды ғой. Бұлар ақшаға келісе алмай қалған",- дейді Көксай саяжайының тұрғыны Райгүл Данова.
Әу баста марқұмды туыстары жер көктен іздеген. Тек жігіт ағасының жесір қалған әйелі үйдің қабырғасына шашыраған қанды көріп, ауланы тінтіпті. Ақыры мәйіт екі күннен кейін монша ішінен табылды.
Ал жантүршігерлік оқиғаны естіген Көксай саяжайының халқы әбден шошып қалған. Күнде аралас-құралас болған адамның мұндай қатігездікке баратыны төрт ұйықтасақ, түсімізге кірмеді дейді.
Бұл азаматтардың арасында нақты қандай кикілжің болғанын тергеушілер анықтайды. Ал Бақыт Ақжоловтың артында еңіреп жан-жары мен анасы қалды.