Басты жаңалықтар
Қазақстанда 16 жастан бастап түсік жасатуға заңмен рұқсат етілуі мүмкін
- автор kyn.kz
- 23 қараша, 2018
- 428
Мамандар оқушыларды бастауыш сыныпты бітірісімен жыныстық қатынас туралы сауатын ашуымыз керек деп отыр.
Түсік жасату үшін ата-ананың рұқсаты керек емес. Денсаулық сақтау министрлігі қыз балаларға 16 жастан бастап ата-анасының келісімін алмай-ақ жасанды түсік жасата беруді заңға енгізгісі келіп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ сайты KTK арнасына сілтеме жасай отырып.
Яғни, жасөспірімдер өз бетінше шешім қабылдай бермек. Ал психологтар адам тағдырына қатты әсер ететін бұндай жағдай жастарға тым ауыр тиетінін айтып отыр.
Қазіргі заңнама бойынша кәмелетке толмаған қыз балаларға медициналық көмек көрсету үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімі міндетті түрде керек. Денсаулық сақтау министрлігі осыны кедергі деп, заңнан алып тастағысы келеді.
"Жасөспірімдер 16 жастан бастап өз бетінше шешім қабылдайтын болады. Бұл әлемде бар тәжірибе. Қазір аяқасты бала көтеріп қалған қыздар көбейіп барады. Ал осы заң арқылы жүктіліктің ерте кезеңінде тиісті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді",-дейді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева
Яғни, қыз бала өз бетінше шешім қабылдайды да оған ата-анасы немесе заңды өкілі араласпайды. Дәрігерлер де жасанды түсік жасау үшін үлкендерден рұқсат сұрап жатпайды. Адам өз тағдырын өзі шешетін болса да бұндай жағдай жасөспірімдердің таным-түсінігіне тым ауыр дейді психологтар.
"Осындай кішкентай қыздарды түсікке апару тығырықтан шығудың жолы емес. Барлық мектептерге барып, сол қыз балалармен, жігіттермен сөйлесу керек жасөспірім кезінен бастап. Жыныстық сауатын ашу қажетпіз",- дейді психолог Әсия Мәмбеталина.
Ресми деректерге қарасақ, ерте бастан жүкті болған жас қыздар азаймай отыр. Былтырдың өзінде олардың саны 3 жарым мыңға жетіп қалған. Әйтсе де заңға енгізуге ұсынылған бұл өзгерістер алдағы уақытта қоғам талқысына түсуі керек. Ал әзірге аяғы ауыр жас қыздардың жағдайына болысатын елімізде 105 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істеп жатыр.