Басты жаңалықтар
Қарағандыда мұғалімдер екіге бөлініп өзара қырқысып жатыр
- автор kyn.kz
- 14 маусым, 2018
- 303
Олар директорды орнынан кетірмекші
Қарағанды облысындағы Ақой аулының мұғалімдері арасынан жік шықты. Ұжымның бір бөлігі директор ойына келгенін істейді деп айыптаса, екіншілері басшыны қорғаштап әлек. Кінәлаушы топтың сөзінше, мектеп басшысы қарамағындағылардан ақша жинап, жұмысқа қабылдау үшін қаражат талап етеді екен. Наразы елдің шағымын енді прокуратура қарауды бастапты, - деп жазды КТК арнасы.
Мектепке жаңа директор келгелі бері ұжым қақ жарылып, бір бірене алакөздене қарайды. Жиналғандар мектепте құдайдың құтты күні жанжал болатынын айтады. Айтуларынша директор ақшасын алса болды, мамандарды дипломсыз жұмысқа қабылдай береді. Мұғалімдер осыған дейін жұмыстан қуыламыз ба деп, басшыға қарсы келе алмапты.
«Директор сені жұмысқа алу үшін вахтердің орнына бес айлықты маған беріп отырасың деген. Мен оны алмаймын, ол кісі алып отырады. Сол үшін бес айлықты мен сол кісіге апарып жүрдім», - дейді мұғалім Жанна Зұлпыхарова. Ал ұжымның жартысы мектеп басшысының жағында. Олар мына елдің айтып отырғаны толығымен жала деп байбалам салады. Ал кей қызметкерден ақшаны қарызға алыпты. "Сүттен ақ, судан таза демесе де, еңбегін адал атқарып жүр", - дейді олар.
«Балабақша ашылды, жағдайымызды жасап жұмыс берді. Ол айдаладан келді деп мыналар өшігіп жатыр, қаңғырып келді деп. Мыналар өздері билегісі келеді, басқарғысы келеді. Енді бұл дұрыс па? Кім қарызға ақша алмайды, бәріміз де аламыз. Екіге жарылған елдің дауы әбден өршігесін мектепке арнайы тексеріс жұмыстары да жүрген. Бірақ заңбұзушылықтар анықталмаған. Сондықтан білім бөліміндегілер оны қызметттен қууға құзыретіміз жетпейді», -дейді мектеп қызметкері Айжамал Аязбаева. Білуімізше директордың өзі бір аптадан бері ауруханада жатыр екен.
Елдос Смағұл Шет аудандық білім бөлімінің басшысының айтуынша құқық қорғау органдарының қағаздарынсыз нақты бұл кісінің қылмысы дәлелденбеген немесе басқа да фактілер түсіп тұрған жоқ. Сондықтан оны жұмыстан шығаруға негіз жоқ. Тағайындалғанына екі жыл ғана болған директордың үстінен 20 ұстаз бен 27 ата-ана арызданған. Мектеп басшысын жұмыстан кетірмей қоймаймыз дегендер білім бөлімі тексерісінің ештеңе анықтамағанына таң. Енді олар: «Директор орнын босатпаса жаңа оқу жылында балаларын мектепке жібермейміз», - деп отыр.