Басты жаңалықтар
Тұңғыш Президент күні ШҚО-да үш егіз дүниеге келді
- автор kyn.kz
- 1 желтоқсан, 2018
- 270
Осы күні перзентті болған Өскемен тұрғыны ұлына Нұрсұлтан деп ат қойды.
Тұңғыш Президент күні Шығыс Қазақстан облысында 30 нәресте дүние есігін ашты. Және бұл түске дейін ғана, өйткені облыс перзентханаларында күніне 60 сәби, ал жылына 22 мың бала дүниеге келеді.
1 желтоқсанға қараған түні үш егіз өмірге келді: ұл мен қыз және екі жұп қыздар.
«Менің 4 қызым бар. Енді нағыз батыр дүниеге келді, салмағы - 3,6 кг. Ұлымның болашағы жарқын болып, көптеген белестерді бағындыратынына сенімдімін. Бейбіт заманда өмір сүріп отырғанымыз үшін Елбасына алғыс айтамын», - деп ағынан жарылды Нұрсұлтанның анасы Айнұр Қобланова.
Егіздер Владимир мен Даринаның анасы Екатерина да ана атанғаны үшін бақытты. Ал қалған егіз қыздарға бір-біріне ұқсатып Әсел мен Әсем, Еркем мен Көркем деген ат қойылды
. Бақытты отбасыларға Елбасы атынан сыйлықтар берілді. Онда балаларға арналған автокресло, қоларба, кереует бар, ал ата-аналар гүл шоғы мен сәбиге күтім жасауға қажетті дәрі-дәрмек қобдишасына ие болды.
«Бүгін тамаша мереке - ҚР Тұңғыш Президентінің күні. Біздің Елбасы ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөліп отыр», - деп атап өтті ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Оның айтуынша, бұл акция облыстың барлық аудан, қалаларында өтіп жатыр. Бүгін туылған барлық сәбиге сыйлық беріледі. Ол сонымен қатар Тәуелсіздік күні қарсаңында Ана мен баланы аялау орталығының 32 маманы Өскеменнен пәтерге ие болатынын айтып өтті.
Ал жаңа жылдан бастап алғашқы жедел жәрдем дәрігерлерінің, атап айтқанда мыңнан астам маманның жалақысы 20 пайызға көтеріледі.
Келесі мақала