Басты жаңалықтар
Қарағандыда «көшеге қонған» ұшақтың мән-жайы анықталды
- автор kyn.kz
- 3 желтоқсан, 2018
- 203
Азаматтық авиация комитеті Қарағанды қаласында бөлшектелген ұшақ көрсетілген видеоға қатысты түсінік берді.
Айта кетерлігі, бұдан бір күн бұрын balapan_air_krg атты Инстаграм парақшада «көшеге ұшақтың шұғыл қонғаны» (видеоға түсірушінің сөзімен - авт.) туралы видео жарияланған болатын.
Видеоны түсірген тұрғындардың бірінің ұшақтың «менің көз алдымда қонды» дегенін естуге болады. Алайда бұл жағдайды Азаматтық авиация комитеті жоққа шығарды.
«Қарағандыда оқу-жаттығу ұшағы шұғыл қонғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап кетті. Азаматтық авиация комитеті жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде анықталғанындай, оқу-жаттығу ұшақтарымен ешқандай оқиға болмағаны анықталды.
Бөлшектелген ұшақ қаладағы мейрамханалардың бірі үшін жарнама ретінде пайдаланылған. Шара өткізілгеннен кейін әуе кемесі пайдаланушының орналастырған орнынан әкетілді», - делінген Азаматтық авиация комитетінің Фейсбук парақшасында.
Сонымен бірге, Азаматтық авиация комитеті көпшілікті шынайы ақпаратқа сенуге шақырды.
«Комитет әлеуметтік желілерде белсенді түрде ақпараттық жұмыстарды жүргізеді. Бәрін де тек шынайы ақпаратқа сенуге шақырамыз», - деді комитеттен.