Басты жаңалықтар
Сағызды 20 мыңнан, қаламсапты 50 мыңға алған: Павлодарда автошаруашылық басшысы жаратқан қаржының есебін осылай берді
- автор kyn.kz
- 15 маусым, 2018
- 245
Ол аздай шаруашылықтың өзінде автожуу кешені мен көлік тұрағы бола тұра, бұл қызметтерге бөлек төлем жасадық деп есеп берген
Павлодарлық шенеуніктерге қызметтік көліктер ұсынатын автошаруашылық басшысы 10 миллион теңгені қайда жұмсағанын білмей шықты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Павлодарлық шенеуніктерге қызметтік көліктер ұсынатын автошаруашылықта 10 миллион теңге кем болып шықты. Компания директоры қыруар қаражатты қайда жұмсағанын өзі білмей дал.
Шаруашылықтың өзінде автожуу кешені мен көлік тұрағы бола тұра, бұл қызметтерге бөлек төлем жасалғаны да анықталды. Ең сорақысы, құжат бойынша екі қаламсапқа 100 мың теңге, ал сағыз қорабына 20 мың теңге жұмсалыпты.
Сән-салтанаты жарасқан жоғары санаттағы шетелдік көліктер - жергілікті шенеуніктер үшін өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Атқамінерлерді бірнеше жыл қатарынан "Павлодар облысының автошаруашылығы" темір тұлпарлармен қамтамасыз етіп келеді. Жеке фирманың құрылтайшысы - облыс әкімдігі. Яғни, мекеменің иесі де, клиенті де осы әкімдік.
Бірақ, мемлекеттік орган мен кәсіпорын арасындағы "сыйластық" соңғы кездері күрт бұзылған. Бұған фирма қожайынының шектен тыс ысырапшылдығы себеп. Мемлекеттік аудит нәтижесі көрсеткендей, басшылық 10 миллион теңгеге жуық ақшаны желге шашқан.
«Мемлекеттік аудиттің барысында толық сомасы тоғыз миллион алты жүз елу алты мың тоғыз теңгені құрайтын қаржылық заң бұзушылықтар анықталды. Кәсіпорын басшылығының бұған дейін де берешегі болған. Соған қарамастан кәсіпорына негізгіз қаражат аударылып отырыпты» - дейді облыстық ревизиялық комиссияның бөлім басшысы Жанар Шейхислам.
Кәсіпорын басшысы Бейбіт Сәрсенов, автошаруашылықтың керек-жарағына деп қаражат сұратып, ол ақша мақсатсыз жұмсалған. Жетекші, миллиондар қайда кеткенін нақты айтып бере алмады. Есесіне, бюджет қаржысының оңды-солды пайдаланылғаны анықталды.
Атап айтқанда, шаруашылықта автожуу бекеті мен дөңгелек жөндеу кешені бола тұра, бұл қызметтерге бөлек төлем жасалған. Есеп-қисапты тексерген мамандар, кәсіпорын жұмысшыларына төленген сыйақыны көріп жағаларын ұстаған.
2015-2018 жылдар арылығында директор Бейбіт Сәрсенов сыйақы ретінде 5 миллион теңгеден астам ақша алған. Ал 4 миллион теңгеден астам қаражат автошаруашылықтың бас есепшісіне беріліпті.
Директордың орынбасары мен бас инженер үш жыл ішінде жалпы сомасы 5 миллион теңгеге жуық сыйақыны қалтасына басыпты.
Автошаруашылық жұмысшыларының араны ашылып, шексіз шығындар шаш етектен келген. Көшпелі банкеттер мен фуршеттерді есептемегенде, қонақүй нөмірлерін жалдауға біраз ақша жұмсаған. Қаламсап сатып алуға жарты миллион теңге, құттықтау хаттағы мен ауыз суға 4 мың теңге құртқан. Тіпті кәдімгі сағызға 20 мың теңгеден астам қаражат жұмсап үлгеріпті.
Павлодар облысының автокөлік шаруашылығының шектен тыс ысырапшылдығы 2017 жылдың желтоқсанында да даулы мәселе болған. Ол кезде шенеуніктер шетелдік көліктерді сатып алуға 180 миллион теңге жұмсаған. Шығын көлемінің көп болуын түсіндірген Бейбіт Сәрсенов, бұған автопаркті тез арада жаңарту керектігі себебін алға тартты.
«2013 жылы біз өзіміздің қаражатымызға 3 көлік сатып алдық. Бірақ олар бізге жеткіліксіз болды. Сондықтан облыс басшылығына қаражат бөлу үшін өтініш білдіруге тура келді» - дейді «Облыстық автошаруашылығы» ЖШС басшысы Бейбіт Сәрсенов.
Нәтижесінде автопаркке люкс санатындағы бірнеше көлік сатып алынған. Техникалық сипаттамасында көрсетілгендей, темір тұлпарлардың былғары орындықтары, климат-бақылау жүйесі және алты динамикамен қамтылған аудиожүйесі бар. Бірақ сол кезде де, қазір де бақылау органдары бұл деректерде жемқорлықтың барын білмеген. Шикілікті кеш түсінген әкімдіктегілер, кәсіпорын директорын қызметін қуды.
«Бізде ведомствоға бағынышты жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, коммуналдық мемлекеттік мекеме сияқты ұйымдар көп. Өзіміз экономика саласында да, осындай ұйымдардың қызметінде де әр жыл сайын тексерістер өткізіп тұрамыз» - дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Байтенов.
Бейбіт Сәрсенов барлық шығынды өтеп беруге міндеттелді. 10 миллион теңгенің 5 миллионын қазір қайтарып үлгерген. Қарыздың қалған бөлігін ол тамыздың ортасына дейін төлеуге міндетті.