Басты жаңалықтар
Алматыда суицид жасамақшы болды делінген келіншектің өліміне қатысты жаңа деректер шықты
- автор kyn.kz
- 10 желтоқсан, 2018
- 196
Дәрігерлер әйелдің денесінде соққы белгілері мен азаптаудың іздері болғанын айтып жатыр
Алматыда өз-өзіне қол жұмсады делінген Сайрангүл Лайысқызы бүгін тілге келместен көз жұмды. Дәрігерлер ес-түссіз комада бір ай жатқан келіншекті аман алып қала алмады, деп жазды КТК арнасы.
Ал марқұмның жақындары өмірге құштар жанның аяқ асты өмірмен қош айтысқанына сенбейді. Олар Сайрангүлді соққыға жығып, өлімге итермеледі деп күйеуіне кінә тақты. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері де болған екен.
Сайрангүл Лайысқызының жүрегі тоқтады деген суық хабарды естіген оның туыстары түгел ауруханаға жетті. Олар әу баста келіншектің өмірімен қош айтысуға талпынғанына сенбеген еді. Марқұмның көзі көгеріп, денесіндегі зорлық-зомбылықтың белгілерін көргенде көңілдеріне күдік ұялаған.
"Жігіті жақсы болса, тәртібі жақсы болса мұндай болмайды ғой. Омырауда баласы бар. Кім өлгісі келеді. Бұл жіп салмақ түскенде сырғып, иектің астында болуы керек. Мұнда жіптің ізі кеңірдек тұсында. Қалай сенесің енді.Шындықты айтсын. Қолымен істегенді мойнымен көтерсін",- дейді марқұмның туысы Назарбек Сәбен.
Ақ халаттылар 15 күн комада жатқан Сайрангүл аппараттың көмегімен тыныс алып, жаны қиналғанын айтады. Соңғы күндері миы да жұмыс істеуін тоқтатыпты.
"Бізге түскенде оң көзі және денесі көгергенін байқадық. Қатты соққы алған. Қылқыну белгілері бар. Қан-тамырлары қысылып, дене мүшесі сал болып қалды. Мұндай ауыртпалыққа ағзасы төтеп бере алмай, қайтыс болды",- дейді Алматы қалалық паллиативтік көмек орталығының бөлім меңгерушісі Марина Рахимова
Ал күйеуінің айтуынша, 14 қарашада Сайрангүл Лайысқызы дәл осы жалдамалы үйде өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Ол ұйқысынан оянып, босағада асылып тұрған жұбайын көргенде бірден жедел-жәрдем шақыртыпты.
Отасқандарына жеті жыл болған отбасы бұл пәтерде төрт айдан бері тұрып келеді. 28 жастағы Ерғали арамызда аракідік ұрыс-керіс болғанымен жұбайыма қол көтерген емеспін дейді. Жауабы қысқа болған Сайрангүлдің күйеуі көп жайтты ашып айтуға құлықсыз.
"Ол күні жанжал болған жоқ. Мен асылып тұрғанын көрдім. Скорый, полиция шақырттым. Қазір тексеріліп жатыр. Қалған нәрсені шешім шыққан соң айтамын",- дейді марқұмның күйеуі Ерғали Қаяуұлы.
Айта кетейік, Сайрангүл Лайсқызының артында кәмелет жасқа толмаған үш баласы қалды. Бүлдіршіндер қазір марқұмның ата-енесінің қарауында. Ал өлімнің нақты себебі сараптамадан кейін белгілі болады.