Басты жаңалықтар
Үш әйел алған түркістандық қария төртіншісіне үйленуді жоспарлап отыр
- автор kyn.kz
- 11 желтоқсан, 2018
- 234
72 жастағы ақсақал көп әйелді тату-тәтті ұстаудың құпиясын ашты.
Түркістан облысының Жетісай ауданында тұратын Сапаралы Серікбаев үш әйелінен он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
Қарияның тоқал мен нақсүйер алуына бәйбішесі мен балалары қандай көзқараста болды? Үш шаңырақты тату-тәтті ұстап отырудың сыры неде? Балалардың тәрбиесі кімнің мойнында? 72 жастағы қария Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында жан сырын ақтарды.
"Әкем теріс жүріп, қыздардың көз жасына қалма дейтін"
Серікбаевтар әулеті үшін көп әйел алу жат емес. Себебі Сапаралы ақсақалдың әкесі де кезінде үш әйел алған екен. Одан 20 ұл-қыз тараған. Біздің кейіпкеріміз бәйбішенің ұлы. Әкесінің кіші әйелдерін "анашым" деп атаған. "Әлі есімде менің анам әкемнің екіншісіне сіңлісіндей құрмет көрсетті.
Бір-біріне сыйы ерекше болды. Үшіншісімен де қарым-қатынасы жақсы болды. Үш әйел де тату болған соң балалар да бауырмал болып өсті. Мынау бәйбішенің не тоқалдың баласы деп бөле-жармаймыз бір-бірімізді. Негізі марқұм әкем" биең көбейсе, құлын да көбеймек, не істесең де адал бол.
Арам жолға түспе. Некелеп ал. Ешқашан сүрінбейсің. Некеде дүниеге келген баланың да жүзі жарқын, тәрбиелі болады" деп үнемі ақылын айтып отыратын" деп әңгімесін бастады ақсақал.Айтуынша, әкесі "қыз баласының көз жасына қалма" деп құлағына құйып өткен. Бірақ бірнеше әйел ал деп ешқашан үгіттемепті."Өз қалауыммен некесін қиып алдым кейінгілерімді", — дейді түркістандық қария.Тоқалымен некесін бәйбішенің көзінше қидырған
Сапаралы Серікбаев аудандағы мәдениет үйінде қызмет етіп жүріп екінші рет үйленуге шешім қабылдайды. Шешімін бәйбішесіне келіп айтады. "Кеңес үкіметі заманы. Көп әйел алу деген қатты бақылауда болды. Екіншімді үйге алып келіп, түн ішінде ауылдың имамын шақырып, некемізді қара шаңырақта қидырдық.
Ол үйде бәйбішеммен бірге тұрғанмын. Өзімнің туыстарым мен қайын ағаларымды шақырып, батасын алдым. Алғашында оның ағалары қарсы болғанымен, бәйбішем өзі рұқсатын бергенін айтты",-деді ақсақал.Бәйбіше мен тоқал бір ауылда екі бөлек шаңырақтың астында тұрған. Қандай да жиын болса, отағасы екі әйелін жанынан тастамаған. Ол заманда екі әйелі бар деп билік тарапынан талай арыз да түскен екен. Сапаралы Серікбаев 50 жасқа толып, дүркіретіп той өткізеді.
Бұл қуанышты бәйбіше мен тоқал той иесі ретінде бірге атқарыпты.Арада жылдар өтіп бәйбіше өмірден озады. Бұл кезде отағасы тоқалмен бірге тұратын. Кейінірек аяқ-қолы мазасын алып, емшіге барады. Ең қызығы, оны екінші әйелінің өзі ертіп апарыпты. Арада сезім оты тұтанып, Сапаралы Серікбаев сырқатын емдеп берген келіншекпен шаңырақ көтереді. Ол қазір Ордабасы ауданында. Бірақ, балалары үлкен шаңыраққа жиі келіп тұрады.Үш әйелден тараған балалар бір үйдің балаларындай тату-тәтті
Қария үш әйелінен 10 ұл-қыз сүйді. Бүгінде 15 немере мен 10 шөберенің қызығын көріп жүр. Ерекше атап өтерлігі, үш шаңырақтан тараған балалар бір-бірімен араласады. Тіпті тоқалдың ұлы сабақтан келерде бірінші кезекте бәйбішеге барып, сәлем беретін болған екен. Бәйбішенің үлкен ұлдары екінші әйелді "анашым" десе, кейінгілері "жеңге" деп атайды. Қысқасы, бұл әулетте қандай да жиын өтсе, үш шаңырақтың перзенттері бас қосады.