Басты жаңалықтар
Алматы облысында оқушыларға сыйлық ретінде "Библия" діни кітабы таратылған
- автор kyn.kz
- 21 қаңтар, 2019
- 275
Интернат оқушылары былтыр да сыйлыққа дәл осындай кітап, тек орыс тіліндегісін алғандарын айтып отыр.
Мектепте діни әдебиет таратылмауы тиіс. Бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген қоғам белсенділері заңға қайшы әрекет жасағандар жауапқа тартылуы тиіс екенін мәлімдеді.
Олардың айтуынша, Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданындағы Қырбалтабай ауылында мектеп жанындағы интернатқа қайырымдылық көмек көрсеткендер балаларға түрлі сыйлықтармен бірге Інжіл кітабын және діни ақпараттар жазылған кітапшалар ұстатып жіберіпті, деп жазды КТК арнасы.
Мектеп қабырғасында «Библия» таратылуда деген Гөзел Құлжабаева білім ошағындағы бұл жағдайды кездейсоқ байқағанын айтады. Таныстарының үйіне барған ол сол жерден діни кітаптарды көріпті. Кейін оның мектеп-интернатта балаларға сыйлықпен қоса беріп жібергені анықталған.
"Ішінде бір шұлығы бар. Мынадай қораптың ішіне салынған. Мұнда да діни ағымда нәрселер жазылған. Сонымен қатар, ішінде мынадай брошюркалар бар. Ол да дінге қатысты дүние",-дейді қоғам белсендісі Гөзел Құлжабаева.
Қоғам белсендісінің айтуынша, бұл оқиға Қырбалтабай ауылында орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп жанындағы интернатта болған көрінеді.
Оқушыларды сыйлықпен жарылқаған «Қазақ-Герман-Американдық библия миссиясы» атты қоғамдық бірлестік екен. Бұл ұйым 22 жыл бойы аталған интернатқа қайырымдылық көмек көрсетіп келіпті. Бірақ ұйым өкілдері бірде-бір рет діни кітап таратқан емеспіз деп отыр.
"Осы жолы балаларды Рождество және жаңа жылмен құттықтау үшін сыйлықтар үлестірдік. Онда тәттілер, жылы киім және ойыншықтар бар. «Библия» баланың қолына кездейсоқ тап болған. Әрине, кітаптың бізге тиесілі екенін мойындаймыз. Бірақ ешқашан таратқан емеспіз",- дейді «Қазақ-Герман-Американдық библия миссиясы» ҚБ президенті Алексей Лубошников.
Бұл іске өздерінің ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген мектеп басшылығы бұған интернат меңгерушісі жауап беруі тиіс дейді.
Қырбалтабай мектебіндегі дауға әзірге нүкте қойылмайтын сияқты. Ал облыстық әкімдіктегілердің хабарлауынша, білім ошағының директоры мен интернат меңгерушісі қызметінен уақытша шеттетілген. Сондай-ақ, осы жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия құрылыпты.