Басты жаңалықтар
Шалқарда екі мектеп оқушылары мұзайдында пышақтасып, біреуі мерт болды
- автор kyn.kz
- 28 қаңтар, 2019
- 280
Төбелеске қатысқандар қансырап жатқан жігітке жедел жәрдем шақырмақ түгілі, оны далада жалғыз тастап кеткен.
Ақтөбе облысында оқушылар пышақтасып, бір жасөспірім мерт болды. Шалқарда коньки тебуге барған екі мектептің оқушылары сөзге келіп, қаланың қақ ортасындағы мұз айдынында төбелескен, деп жазды КТК арнасы.
Кейін он бес жастағы оқушының қансырап жатқанын сол жердегілер көрсе де ешбірі жедел жәрдем шақырмаған. Жасөспірімдердің мұндай жауыздығынан шалқарлықтар шошынып отыр.
Қанды оқиға Шалқар көлінің үстінен жақында ғана ашылған мұз айдынында болған. Коньки тебуге келген екі мектептің оқушылары төбелесіп, пышақтасуға дейін барады. Көп қан жоғалтқан Мирасбек Дәулетияров ауруханаға жеткізілгенімен, көз жұмады.
Ең сорақасы, оқушы есінен танып жатқанда мұз айдынында болғандардың ешбірі жедел жәрдем шақырмапты. Оны ауруханаға нақты кімнің жеткізгені қазір анықталып жатыр. Бір анығы, аурухана қақпасының алдына қансыраған жасөспірімді тастап кеткен. Дәрігерлер оны аман алып қалуға еш мүмкіндіктің болмағанын айтады.
"Бейтаныс біреулер ауруxананың сырт жағына жеңіл көлікпен әкеліп тастап кеткен. Оны көрген адамдар ішке сүйреп кіргізген. Қан қысымы нөл, көп қан жоғалтқан",-дейді Шалқар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Есенғали Көпенов.
Шалқардағы нөмірі алтыншы мектептің оқушылары мен мұғалімдерін тәртіп сақшылары жаппай тергеп жатыр. Өйткені көз жұмған Мирасбек Дәулетияровқа жабылғандар да, пышақ салғандар да осы білім ошағында оқиды.
"Осындай қайғылы оқиға орын алып жатыр. Енді күдікті ретінде алтыншы мектептің төрт оқушысы ұсталып, енді үшеуі бостандыққа шықты. Куә ретінде өздерінің түсініктемелерін берді. Бір оқушымыз ішкі істер бөлімінде",-дейді № 6 орта мектебі директорының міндетін атқарушы Әлия Оспанова
Пышақ жарақатынан көз жұмған Мирасбек облыс орталағындағы спорт мектеп-интернатынан Шалқардағы мектепке былтыр ғана ауысқан. Ұстаздары оның қоғамдық шаралардан қаламайтын белсенді оқушы болғанын айтады. Оны бүгін жер қойнына тапсырды.
Шалқар қаласын жастар бұрыннан алты ауданға бөліп тастаған. Оны Маяк, Эрон, көл жақ деген секілді тағы басқа атаулармен атайды. Әсіресе, жоғары сынып оқушылары аудан-аудан болып шекісіп, өз ықпалдарының мықтылығын төбелеспен дәлелдеуге тырысады екен. Мұны жасөспірімдер мойындап отыр.