Бұл ерекше махаббат хикаясы 2017 жылы басталған. Айдар "ЭКСПО" көрмесінде жұмы істесе, Айнагүл халықаралық экспозицияны тамашалауға келген. Алайда оларға көрмеде кездесу бұйырмапты. Екі жас жарты жыл өткен соң әлеуметтік желі арқылы хат алмасып, бір үйде тұратын көрші екендерін анықтаған.
"Бұл менің идеям болды. Бұл күннің мәңгіге есте қалғанын қалаймын. Біріншіден, екеуміз де әкемізден айырылғанбыз. Ұлы адамның батасын алсақ, нұр үстіне нұр болар еді деген ой келді. Бұл біз үшін өте маңызды. Оның үстіне, елімізде "Жастар жылы" басталды. Мұның бәрі тағдыр іспетті. Әртүрлі қаладан келсек те, бізді Астана табыстырды. Елордада өмір сүріп жатқаныма бақыттымын", – деді Айдар Сүлейменов.
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов жас жұбайларға Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын табыстады. Әкімнің айтуынша, Елбасы жас жұбайлардың шақыру хатын ыстық ықыласпен қабыл алып, Айдар мен Айнагүл Сүлейменовтарды отбасылық өмірге қадам басуларымен құттықтады.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы қос ғашыққа зор денсаулық, бақыт пен жарқын болашақ тіледі.
"Елбасы және Астана тұрғындарының атынан сіздерді шын жүректен неке қию күнімен құттықтаймын! Осы жыл жастар жылы деп жарияланды. Бұл – сіздер сияқты азаматтарға артылған үлкен үміт. Елордамызды жастардың арманы орындалып, махаббатына қол жеткізетін мекен деп атауға болады. Сондықтан сізге махаббат, татулық пен келісім тілеймін!", – деді Бақыт Сұлтанов.