Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстандық мұсылман ғұламалары жасанды кірпік пен тырнақтың харам екенін дәлелдеді

Қазақстандық мұсылман ғұламалары жасанды кірпік пен тырнақтың харам екенін дәлелдеді
ашық дереккөз
Мұсылман дінін ұстанған қыздарға тырнақ бояудың өз уақыты бар. Сондай-ақ сол уақыт аралығында боянғандар ешқандай ережені бұзбайды екен.
Соңғы жылдары көптеген қыз-келіншектер жасанды кірпік пен тырнақ жалғауды әдетке айналдырған. Алайда ислам шариғатында тырнақ жалғау былай тұрсын тырнақты өсірудің өзі күнә деп жазады Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ғұламалары.
"Бізге мұртты қысқартуды, тырнақ алуды, қолтық және әурет түктерін жұлуды қырық күннен асырмау бұйырылды", – деген сахаба Әнас ибн Малик.

"Раддул мұхтар" кітабында "Ең дұрысы апта сайын тырнақты алу, мұртты қысқарту, әурет түгін қыру, денесін жуу керек. Болмаса, бұл істер 15 күнде жасалуы тиіс. Қырық күннен асыру – күнә", – деп жазылған.

ҚМДБ-ның хабарлауынша, бет әлпеті отқа күйіп, кірпігі жойылып, көріксіз жағдайға душар болса немесе ауруға шалдығып, кірпіктері түсіп қалса, сондай-ақ тырнақтары түбімен алынып кетсе, осы сынды зәрулік жағдайларда жасанды кірпік және тырнақ жалғауға рұқсат етіледі.

Алайда, кірпікті немесе тырнақты жай сәндік мақсатында жалғаса, ол жайында ғұламалар бірауыздан харам деген үкім берген. Өйткені ол Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып саналады. "Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салдырушыны, қас теруші және қас тергізушіні, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды және Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағынеттеді", – делінген хадисте.

ҚМДБ-ның мәліметінше, сондай-ақ, бұған шариғатта тыйым салынған шаш жалғау мәселесі де жатады.

"Алла Тағала шаш жалғаушыны да, жалғағанды да лағынеттеді", - делінген хадисте.

Бұл – жасанды кірпік және тырнақтың шариғаттағы үкімі.

Оның дәретке байланысты үкіміне келсек, кірпік шариғатымыз белгілеген бетті (яғни, тігінен – маңдайдың шетінен бастап иектің астына дейін, ал көлденеңінен – оң құлақтың жұмсағы мен сол құлақтың жұмсағына дейінгі аралығын) жуудың аясына кіреді. Сонымен қатар қолдың құрамына кіретін тырнақты да жуу – парыз.

Жасанды кірпік пен тырнақты зәрулік жағдайға байланысты қойған болса әрі ол су өткізбейтін, сонымен қатар қайта алынбайтын нәрсемен жасалынса, онда сол жасанды кірпік пен тырнақты жуумен шектеледі. Мұнымен дәреттің парызын орындаған болып саналады.

Егер жасанды кірпік пен тырнақты ешбір қиындықсыз алуға мүмкіндік болса, онда оларды алып, ол жерді сумен жуады және қайта орнына қояды.

ҮКІМ

1. Сәндік мақсатта кірпік не тырнақ жалғауға тыйым салынады.

2. Тырнақты апта сайын алу – мұстахап. 40 күннен асыру – харамға жақын мәкруһ.

3. Зәрулік жағдайда жасанды кірпік және тырнақты қоюға рұқсат етіледі.

4. Зәрулікке байланысты қойылған жасанды кірпік пен тырнақты алуға мүмкіндік болмаса, дәрет алғанда оны жуумен шектеледі. Алайда алудың жолы болса, кірпік пен тырнақты алып, орнын жуу міндет.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар