Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазы аралығында береді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қарамағындағы ғұламалар кеңесі биыл яғни 2019 жылғы Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшерін бекітті, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Пітір садақаның мөлшері – 300 теңге. Бұл - пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Бұл мөлшерден артық беруге де болады", - деді діни басқармадағылар.
Айта кетейік, былтыр да пітір садақа осы мөлшерде болған еді. Пітір садақа әр отбасындағы адам санына қарай беріледі. Яғни бір адам үшін бір келі ұнның немесе бидайдың құны садақаға аталады.
Айт күні таң атысымен пітір садақасын беру уәжіп болғандықтан, бұл уақыттан бұрын дүниеден өтіп кеткен адамдар үшін міндет емес. Ал, осы уақыттан кейін қайтса, дүниеден өткен адамның туыстары артында қалған малынан өтейді.
Сол сияқты таң атпай дүние есігін ашқан сәбиге пітір садақасы - уәжіп. Таң атқаннан кейін туған балаға – міндет емес. Бір мұсылманның пітір садақасы мұқтаж бір адамға беріледі. Бірақ бір адамның пітір садақасын бірнеше адамға бөліп беруге болмайды. Бірнеше адамның садақасын біріктіріп, тек қана бір мұқтаж отбасына беруге болады.
Пітір садақасынан жиналған дүниені, ең алдымен жергілікті жердегі әлеуметтік әлжуаз, мұқтаж адамдарға берілуі тиіс. Жергілікті жерде садақаға мұқтаж адамдар бола тұра, басқа жердегі мұқтаждарға үлестіріп беру - мәкруһ. Бір ай бойы қиыншылықпен ұсталған оразаның қабыл болуына да осы садақа себеп болады. Осы себепті де ғалымдарымыз пітір садақасының абзалдығына тоқталып, шамасы жеткен әр мұсылман беру керектігін баса айтып өткен. Келесі мақала