Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Көксерек" фильміндегі Құрмаштың тағдыры көпшілікті жылатты

"Көксерек" фильміндегі Құрмаштың тағдыры көпшілікті жылатты
ашық дереккөз
Актер өмір бойы көлік жөндеу орталығында қара жұмыс істеген
Танымал киноның бала кейіпкері көпшіліктің есінде кеше көргендей кейіпте анық сақталған. Себебі, "Көксеректі" сүйсініп көрмеген қазақ аз. Дала баласының табиғатқа деген аза махаббаты мен құштарлығы, түз тағына деген жанашырлығы әсем бейнеленген киноның тұсаукесері Бүкілодақтық орталық Мәскеуде өткен еді. Ондағы кино саласының мамандары бала актердің өнерін жоғары бағалап, киноның сапасына жақсы баға берген еді. Ал халық арасында Құрмаш атанып кеткен актер өмірде өте қарапайып, ақша мен атаққа қызықпаған адам. Ол туралы журналис әрі продюсер Әлия Құдайбергенова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. "Бұл кісімен де суретке түспеппін... Жалдамалы екі бөлмелі пәтеріне барып "Жұлдыздар отбасына" сұхбат алдым. Әңгімелесуге зауқы болмады. Жалынғандай боп, табан тіреп тұрып алдым. Тілектес екенімді, сыйлайтынымды айттым. Келіншегі өте жақсы адам екен. Қамбар ағаның көңіліне қарағыштап, "ағаң бөлек адам ғой, Әлия. Атақпен де, ақшамен де ауырған жоқ. Ешкімнен ешнәрсе сұраған жоқ. Айтар болсақ әңгіме көп... Реніш те, қиянат та... Оның бірін де айтқызбайды, Қамбар" деп, мұңайды. "Аға, "Көксерек" сізге не берді?" дегеніме "кір жуатын машина" деді. Еріксіз мырс етіппін, шынымен олай ойламаппын. "Көксерек" ғажап кино ғой! Ал, Құрмашты сізден өзге ойнауы мүмкін еместей! Қалай, сұмдық сендіріп ойнағансыз!" деп едім, селқос қана: "есесіне күлкімді ап қойды... Содан кейін күле алмай қалдым. Психологиямның күл-талқанын шығарды..." деді. Қазақ ұлттық кино өнерінің дамуына үлес қосқан "Көксеректі" көрмеген қазақ жоқ шығар?! Құрмашты да. Бірақ "сол бала қайда?" деген ешкім болмағаны, біздің елде таланттарды бағалаудың жоқтығы, олардың көбінің өмір сүруге икемсіз екенін біле тұра, көре тұра мән бермейтініміз жанымды ауыртты, ағаға қарап отырып... Тұрмыс- тіршіліктің ауыртпалығы, күнделікті жасап жүрген тірлігі ағаны қажытып-ақ тастапты. СТО да істейді екен. Әйелі мейірбике. Балалары бар. Екеуінің тапқандары пәтерақы мен ас-ауқаттан артылмайды. "Аға, көлік жөндетуге келгендер Құрмаш деп, танып жататын шығар?" дедім, қойғым келмеген сұрақты қойып. "Жоқ, көбі емес. Бірақ, білетіндер біледі. Одан не пайда? Қазір денсаулығым да сыр беріп жүр. Баяғы сол фильмге түсіп жүргенімде суық тигізгенмін, әлі күнге сол сырқат қыр-соңымнан қалмайды..." деді. Айтпасына қоймай, біраз дүниені ақтардық. Аға балаларының болашағына алаңдаулы екенін баса айтты. "...Жеңгеңнің жақсылығы ғой, әйтпесе мына қоғамға қажетсіз екенімді баяғыда ұққанмын! Әйтеуір... тірі жүргеніңе тәубе дейсің... Үй сұрамаймын. Өздері бірнеше рет бермек боп, қайтадан бермейтін боп... Бала емеспін ғой. Қоя салыңдаршы, дедім. Менің өмір сүргенім ешкімге де міндет емес. Менен де зорлар өтті ғой, сый көрмей..." деді, әңгіме арасында. Қамбар ағаның өмірден өткені туралы хабар жанымды қарып өтті. Оған да пәлен жыл. Тіліме "рахат көрмесі кете салды-ау?!" деген сөз орала берді... Талант деген бар болса, ол "Көксерекке" мән берген, Құрмашқа жан берген Қамбар Уәлиев еді ғой! Ол қазақтың киносы еді ғой! Ағаның отбасы қайда екен, жағдайлары не болды екен? Соны ойлап отырмын... Қамбар аға жақсы актер ғана емес, жақсы АДАМ болды! Біз ол кісінің аты аталғанда нені айтамыз? Несін айтамыз? Немізді айтамыз? Бүкіл ғұмырын пәтерден пәтерге көшіп жүріп өткізгенін, анадай талантты майға "көміп" "стошник" еткенімізді ме?! Амалым қанша!.. Иманды болыңыз, аға. Айтпақшы, "Менің атым Қожа" қайда жүр екен? Нұрлан Сегізбаевты айтам(ын)...
(Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» шығармасы желісімен түсірілген "Көксерек" көркем фильмі 1973 жылы көрермендерге жол тартты. Бүкілодақтық тұсаукесері 1974 жылы 8 сәуірде Мәскеу қаласында өтті.)",- деп жазды журналист Әлия Құдайбергенова
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар