Жеңімпазды анықтау тәсілі де өте қызық жағдайда өткен.
Тараздық 9-сынып оқушысы Әбдісейіт Казына көп кітап оқып миллионер атанды. Ол «Кітап оқып, миллионер бол!» қалалық байқауында жеңіске жетіп, 1 миллион теңгені жеңіп алды.
Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті ұйымдастырған байқау бес айға созылып, шын мықтылар іріктелген. Жоба шарты бойынша ақылдастар алқасы құрылған.
«Ақылдастар алқасы бірлесіп отырып, 100 кітаптан тұратын тізімді жасадық. Оның тең жартысы қазақ, қалғаны орыс тілінде ұсынылды. Байқау жас ерекшеліктеріне қарай екі кезеңде өрбіді. 5-7 сынып оқушылары кемінде 15, 8-11 сынып оқушылары кемінде 20 кітапты оқу жылының соңына дейін оқып шығуы тиіс болды.
Жеңімпаздар оқылған кітаптар бойынша сұрақ қою әдісімен анықталды», - дейді аталмыш қалалық газеттің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали.
Байқаудың қорытындысы Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен шарада жарияланды. Байқау нәтижесі бойынша 8-11 сыныптар аралығы бойынша Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 9-сынып оқушысы Казына Әбдісейіт І орынды жеңіп алып, 1 миллион теңгелік жүлдеге ие болды. Ал, Керімбай атындағы №12 мектеп гиназиясының 10-сынып оқушысы Айгерім Мейірханова ІІ орынды (500 мың теңге), №7 мектеп гимназиясының 11-сынып оқушысы Галина Буркина ІІІ орынды (250 мың теңге) иеленді. 5-7 сынып аралығындағы қатысушылар арасынан И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Айзере Ерен жеңімпаз атанып, 500 мың теңгені иеленді.
Сондай-ақ, №10 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Данияр Бекжан мен №54 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Тоғжан Аллаберген ІІ орынды (150 мың теңгеден) өзара бөліссе, №30 мектеп гимназиясының 7-сынып оқушысы Сабина Сулеймен мен №31 орта мектебінің 5-сынып оқушысы Гюзаль Османова ІІІ орынға (75 мың теңгеден) лайық деп табылды. Айта кету керек, жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құраған байқаудың негізгі мақсаты - балаларды кітап оқуға баулу болып табылады. Ұйымдастырушылар байқаудың аумағын кеңейтіп, дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.