Күндіз ауа +30 градус жылы, түнде -6 градус төмен: қазан айына арналған ауа райы болжамы
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:44
- 43
Көп ұзамай елімізге қайта жылы күндер оралады. Оңтүстікте кей кездері ауа температурасы +30 градусқа дейін көтерілуі мүмкін,
Қазан айының басында Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді. Елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Елдің солтүстік жартысында жаяу бұрқасын болуы мүмкін.Тұман, көктайғақ және үсік жүруі ықтимал.
Батыста және солтүстік-батыста түнде температура -6 градусқа дейін төмендеуі мүмкін, күндіз +2...+11 градус жылы болады. Солтүстікте, шығыста және орталықта түнде -6 градусқа дейін аяз, күндіз 0-ден +8 градусқа дейін жылылық күтіледі.
Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ауа райы жылырақ болады: түнде 0-ден +5-ке дейін, күндіз +10-нан +15 градусқа дейін. Таулы аймақтарда түнде температура -10 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Қазанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында Қазақстанға Орта Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан жылы ауа массалары келе бастайды. Елдің басым бөлігінде күндізгі температура +15...+20 градусқа дейін, ал оңтүстік-батыс пен оңтүстік жартысында +18...+28 градусқа дейін көтеріледі.
Бұл ретте қазанның екінші және үшінші онкүндіктерінде температура құбылмалы болады.
Оңтүстікте кей кезеңдерде күндіз ауа +30 градусқа дейін жылынуы мүмкін, ал түнде температура -6 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.
Солтүстікте, шығыста және орталықта күндізгі температура әртүрлі кезеңдерде +15...+23-тен +3...+13 градусқа дейін өзгереді.
Жалпы алғанда, қазан айындағы орташа температура Қазақстан аумағының басым бөлігінде климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс бөлігінде және Абай облысында температура норма шамасында болады деп болжанады.
Өңірлердің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шегінде болады деп күтіледі.
Синоптиктер бір айға арналған болжам консультативтік сипатта екенін және алдағы уақытта синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетілуі мүмкін екенін атап өтті.




