Басты жаңалықтар
Ораза, ауызашар, қадір түні, сәресі жайлы ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап
- автор kyn.kz
- 27 мамыр, 2019
- 575
Қасиетті айда жаратушыға жалбарынудың, ораза ұстау мен садақа берудің өз ережесі мен жөні бар.
Ораза айы басталған кезде көптеген адамдар басындағы жағдайға байланысты қалай әрекет етуді білмей көп жағдайда имамдардың кеңесіне жүгініп жатады. Халықты алаңдататын жағдай қарапайым дүние болып көрінгенімен, әрине белгілі бір пәтуаға сүйеніп, жасаған әрекеттің дұрыстығына сенімді болған дұрыс.
Осы орайда KYN.KZ сайты қарапайым халық тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап ұсынады. Сұрақ: «Бес парыз» дегеніміз не? Жауап: Бірінші: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед пайғамбардың Алланың елшісі екендігіне куәлік беру.
Екінші: Намаз оқу.
Үшінші: Зекет беру.
Төртінші: Ораза ұстау.
Бесінші: Қажылыққа бару. Сұрақ: «Ораза» деген не? Жауап: Ораза –таңның атуынан кештің батуына дейін Алла разылығы үшін тамақ, сусын, жыныстық қатынас секілді ауыз аштыратын іс-амалдардан тиылу. Сұрақ: Ораза кімдерге парыз? Жауап: Ораза әрбір мұсылман, балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін ер мен әйелге парыз. Сұрақ: Балиғат жасы дегеніміз қандай жас? Жауап: Ұл бала үшін 12 жастан 15 жасқа дейін, қыз бала үшін 9 жастан 15 жасқа дейінгі аралық. Сұрақ: Кәрілік себепті ораза ұстауға мүлде шамасы келмейтін кісі не істейді? Жауап: Кәрілік себепті ораза ұстауға мүлде шамасы келмейтін адам әрбір өткізген күні үшін мұқтаж адамды бір мәрте тамаққа тойдырады. Сұрақ: Рамазан оразасын басында үш күн, ортасында үш күн, соңында үш күн ұстауға бола ма? Жауап: Оразаны басында үш күн, ортасында үш күн, соңында үш күн үстаған адам Рамазанды толық ұстаған адам ретінде есептелмейді. Рамазан оразасы толық бір ай ұсталады. Сұрақ: Намаз оқымайтын адамға ораза ұстауға бола ма? Жауап: Намазға әлі жығыла қоймаған адамның ораза ұстауына болады. Себебі, намаз өзінше бір парыз, ал ораза мүлде бөлек парыз. Сұрақ: Аяғы ауыр не емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстай ма? Жауап: Аяғы ауыр не емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстап-ұстамау жайында білікті дәрігермен ақылдасқаны жөн. Ұстамаған жағдайда кейінірек қазасын өтейді. Сұрақ: Рамазан оразасы басында бір айға ниет етіле ме, әлде әрбір күнге сәресіде ниет етіле ме? Жауап: Рамазан оразасына басында бір ниет жасау жарамды. Әрбір күні ниет жасау абзал іс. Сұрақ: Ораза кезінде душқа, өзен-көлге түсуге бола ма? Жауап: Ораза кезінде жуынуға, шомылуға рұқсат. Тек тамақтан су өтіп кетпеуін қадағалау керек. Сұрақ: Ораза кезінде тіс пастасын қолдануға бола ма? Жауап: Тіс пастасын сәресі кезінде және ауыз ашқаннан кейін пайдаланған абзал. Сұрақ: Ораза кезінде тіс емдетуге, жұлдыруға бола ма? Жауап: Ауырып, маза бермей жатса, емдетуге де, жұлдыруға да рұқсат. Тек тістен шығатын қан, ауыз шаятын сұйықтық дәрілер тамақтан өтіп кетпеуін қадағалау керек. Сұрақ: Ораза кезінде укол салдыруға бола ма? Жауап: Тамырға салынатын, денеге күш беретін система секілді уколдар оразаны бұзады. Ал теріге салынатын, денеге күш бермейтін уколдар оразаны бұзбайды. Сұрақ: Ораза кезінде түкірік, қақырық жұтуға бола ма? Жауап: Түкірік, ауыз сілекейі, қақырық ол - табиғи нәрсе. Олар оразаны бұзбайды. Тек ауызға әдейі толтырып жұтпау керек. Сұрақ: Ораза кезінде шаш, тырнақ, дене түктерін алуға бола ма? Жауап: Шаш, тырнақ, дене түктерін алу тазалыққа жатады. Оларды алу оразаны бұзбайды. Сұрақ: Аузы берік адам баласын сүйіп, иіскеуіне бола ма? Жауап: Ораза кезде баланы сүюге, иіскеуге болады. Сұрақ: Аузы берік адамға әйелін сүюге, құшақтауға бола ма? Жауап: Адам өзіне сенімді болмаса әйелін сүйіп, құшақтамағаны дұрыс. Сұрақ: Мұрын, тіс қанаса ораза бұзыла ма? Жауап: Мұрын, тіс қанаса ораза бұзылмайды. Тек тамақтан өтіп кетпеуі керек. Сұрақ: Сәресіге ұйықтап қалған адам не істейді? Жауап: Сәресіге ұйықтап қалған адам таң атып кеткенін білсе, ештеңе ішіп-жемей оразасын ұстап кете береді. Сұрақ: Сәресі қай уақытта ішіледі? Жауап: Сәресі тарауих намазы мен таң намазының арасында ішіле береді. Алайда оны таң атар алдында, яғни, таң намазы кіретін уақыттың алдына дейін кешіктіріп ішкен абзал. Сұрақ: Ораза кезінде бір ай бойы ерлі-зайыптылар жыныстық қатынастан алыс болуы керек пе? Жауап: Жыныстық қатынас тек оразаның күндізінде ғана тиым етіледі. Яғни, таң атқаннан ауызашарға дейін. Ал ауыз ашқаннан таң атқанға дейінгі аралықта рұқсат етіледі. Сұрақ: Аузы берік адамға сағыз шайнауға бола ма? Жауап: Ораза кезінде дәмі бар не жоқ болса да сағыз шайнамаған дұрыс. Сұрақ: Аузы берік адамнан күндіз ұйқы кезінде ұрық бөлінсе (полюция) оразасы бұзыла ма? Жауап: Ұрық бөлінген жағдайда ораза бұзылмайды. Себебі, адамның ырқынан тыс болатын жағдай. Жуынып оразасын ары қарай жалғастыра береді. Сұрақ: Ораза кезінде әйелдің етеккірі келсе не істейді? Жауап:Етеккірі келген әйел кісі ораза ұстамайды. Етеккірі келген сәтте аузы ашылады. Сол күннің және етккірі келіп, ұстай алмаған күндердің қазасын Рамазан оразасынан кейін өтейді. Сұрақ: Ораза кезінде ауыз құрғағаннан ауызды мұздай сумен шаюға бола ма? Жауап: Ауызды сумен шаюға болады. Тек, тамақтан судың өтіп кетпеуін қадағалау қажет. Сұрақ: Ораза кезінде басы айналып, көзі қарауытып, қатты әлсіреп кеткен кісі не істейді? Жауап: Қатты қиналып не қатты ауырған кісі денсаулығына қауіп төнгеніне байланысты аузын ашуға рұқсат. Рамазаннан соң сол күннің қазасын өтейді. Сұрақ: Ауыз берік кезде тамақтың дәмін көруге бола ма? Жауап: Ораза кезінде тамақтың дәмін көруге болады. Оны жұтпай қайтадан түкіріп тастау керек. Сұрақ: Ораза кезінде байқамай тамақ жеп не су ішіп қойса не болады? Жауап: Ораза кезінде байқамай тамақ жеп, не су ішіп қойса одан ораза бұзылмайды. Ораза екені есіне түскен сәтте аузындағы тамақты алып тастау керек. Сол күнгі оразасын ары қарай жалғастыра береді. Қазасы жоқ. Сұрақ: Ораза кезінде жүрегі айнып құсқан жағдайда ауыз ашылып кете ме? Жауап: Ораза кезінде өздігінен жүрек айнып құсса, одан ораза бұзылмайды. Ал өзі күштеп құсатын болса, одан ораза бұзылады. Сұрақ: Ораза кезінде жыласа ауыз ашылып кете ме? Жауап: Ораза кезінде жылағаннан ораза бұзылмайды. Сұрақ: Ораза кезінде ашуланғаннан, біреумен ұрсысып-төбелескеннен ауыз ашыла ма? Жауап: Ораза кезіндегі ұрыс-керістен ауыз ашылмайды. Ондай жағдайда оразаның сауабы кемиді. Сұрақ: Ораза кезінде қан тапсыру оразаны бұза ма? Жауап: Ораза кезінде аздаған мөлшерде анализ үшін қан тапсыру оразаны бұзбайды. Ал көп көлемде болса, мысалы, біреуге қан құю үшін болса, ораза бұзылады. Сұрақ: Ауызды ең бірінші қандай затпен ашқан дұрыс? Жауап: Ауыз ашқанда ең бірінші құрмамен ашқан абзал. Құрма жоқ болса, сумен ашқан дұрыс. Сұрақ: Кешке мешітте азан шақырыла бастаған кезде ауыз аша беруге бола ма? Әлде азанның соңына дейін шақырылып біткенін күту керек пе? Жауап: Кешке мешітте азанның шақырылуы күннің батқанын білдіреді. Ол - ауызды ашатын сәт. Сол үшін азан шақырылып басталған кезде-ақ ауыз аша бересіз. Сұрақ: Ораза кезінде спортпен айналысуға бола ма? Жауап: Ораза кезінде спортпен шұғылдануға болады. Тек қатты әлсірейтіндей шамадан тыс болып кетпеуін қадағалау керек. Себебі, қатты әлсіреп, шөлдеп, қиналған кісі шыдамай аузын ашып жіберуі мүмкін. Сұрақ: Аузы берік адам алыс сапарға шығатын болып қалса не істейді? Жауап: Алла Тағала ораза уақытында сапарға шыққан адамға аузын ашуға рұқсат еткен. Ол адам ұстамаған күндерінің қазасын Рамазан айы біткен соң өтеуі керек. Сұрақ: Елмен бірге оразаны бастай алмай 2-3 күнге, не 5-6 күнге кешігіп қалған кісілер не істейді? Жауап: Оразаны ұстауға кешігіп қалған кісілер үлгерген күнінен бастап ұстай береді. Ал өткізіп қойған күндерінің қазасын ораза айтынан кейінгі күндері өтейді. Сұрақ: «Ораза ұстаған адамға ауызашар берсе, оған ұстаған адамның сауабындай сауап беріледі» делінген хадиске сәйкес ораза ұстамай-ақ ауызашар беріп сауап ала берейін деген түсінік қаншалықты дұрыс? Ол адамның мойнынан ораза парызы түсе ме? Жауап: Ораза ұстаған кісілерге ауызашар беру мол сауапқа қол жеткізеді, бірақ ауызашар берушінің мойнынан парызды түсірмейді. Ол кісі де басқалар секілді ораза ұстауға міндетті. Сұрақ: Ауызашар кезінде бірінші ауыз ашқан дұрыс па, әлде ақшам намазын оқып алып ауыз ашу керек пе? Жауап: Ауызашар уақыты кірген кезде бірінші ауызды не құрмамен, не сумен ашып алған дұрыс. Сосын ақшам намазын оқып алып дастарханға қайта отыруға болады. Сұрақ: «Қадір» деген сөздің мағынасы қандай? Жауап: Қадір деген «қадірлі», «құрметті» деген мағына береді. Қадір түнінде Құран түскен және бұл түні жер бетіне сансыз көп періштелер келеді. Сондықтан бұл түн қадірлі әрі қасиетті. Сұрақ: Қасиетті Қадір түнінде қандай істер жасалады? Жауап: Қадір түні - жер бетіндегі ең қасиетті түн. Ол түні таң атқанға дейін дұға-тілектер жасалады, ол түнді Құран, намаз оқумен өткізуге болады және түрлі діни әдебиеттер оқып, салиқалы кісілермен бірге болған дұрыс. Сұрақ: Қадір түнін үйде күткен жақсы ма, әлде мешітте өткізген дұрыс па? Жауап: Ер адам болса мешітте жамағаттың арасында өткізген абзал. Ал, әйел адамға үйде күткен жақсырақ. Мешітте өткізем десе, оған да тиым жоқ. Сұрақ: Қадір түні Қыдыр ата келе ме? Жауап: Қадір түні Қыдыр ата келеді деп ойлау - жаңсақ түсінік. Бірақ бұл түні жер бетіне періштелер көптеп келеді. Олар сол түні құлшылық жасап жатқан адамдардың дұға-тілектерін Аллаға жеткізеді.
дерек көзі: "Асыл арна"