Бір күн бұрын министр Маңғыстауды аралап, қайтыс болған сарбаздардың туыстарынан кешірім сұрап шықты.
Президент қорғаныс министрін қызметінен босатты, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында қайғылы жағдай болды. Каспий теңізіндегі ашық оқу-жаттығулар кезінде 17 әскери қызметкер суға кетіп, 14-і көз жұмды, үшеуі аман қалды.
Күні кеше Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрылды.
Бұған дейін әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.




